Жамбыл ауданында «Алтын алқа» иегері онлайн санақтан өтті

0 1

ZHAMBYLNEWS — Мемлекетіміздің мызғымас тірегіне айналған азаттықтың ақ таңы атқанына биыл 30 жыл толып отыр. Соған сәйкес еліміз бойынша халық санағы жүруде. «Қазақстанда әркім маңызды!» айдарымен өтіп жатқан онлайн санақ Жамбыл ауданында да қарқын алды. Алғашқы күннен бастап жауапты науқанға азаматтар белсенділік танытуда. Солардың бірі – онлайн санақтан өткен «Алтын алқа» иегері Әсемкүл Дайырханова.

«Берікқожа» шаруа қожалығының төрайымы Әсемкүл Тоқбергенқызы 7 бала тәрбиелеп, өсірген. Әрқайсысы өз алдына шаңырақ көтеріп, әулет төрін кеңейтуде. 24 немере сүйіп отырған әже ұл-қыздарының басын қосып, санақтан бірге өтті.

– Елге қызмет ету бір бөлек болса, мемлекеттің бір мүшесі ретінде оның әрбір игілігіне үлес қосу – баршаның міндеті деп ойлаймын. Біз отбасымызбен жиналып санақтан онлайн түрде өттік. Барша отандасымды науқанға белсенді қатысуға шақырамын. Осыдан шамалы уақыт бұрын Қазақстан халқының саны 19 миллионға жетті деген жақсы хабар тарады. Халқы көп мемлекет – әлеуеті мықты мемлекет. Ал, қазіргі кезде жүргізіліп жатқан халық санағы осы жағымды жаңалықты қуаттап береді деген сенімдемін, – дейді Әсемкүл Тоқбергенқызы.

Ұлттық статистика бюросы қызметінің хабарлауынша, 14 қыркүйектегі жағдай бойынша 2465217 респондент онлайн санақтан өтті. Олардың 2123896-сы sanaq.gov.kz сайтында, 244097 адам Egov порталында тіркелу арқылы жауап берсе, 97224 адам санаққа Aitu қосымшасы арқылы қатысты.

Leave A Reply

Your email address will not be published.