Жамбыл ауданында африкалық түйеқұс өсірілуде

0 1

Жамбыл ауданында африкалық түйеқұс өсірілуде , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

«Алтын бұлақ» шаруа қожалығының төрағасы Абдрахим Қуанышбаев түйеқұс өсіруді осыдан 4 жыл бұрын қолға алған. Құсты бағып-қағудың қыр-сырын зерттеп алған кәсіпкер Алматы қаласынан африкалық қызылмойын деп аталатын түйеқұстың аналық және аталық басын 1 айлық балапан кезінен сатып алған. Өңіріміздің табиғатына тез бейімделген түйеқұстар аса бір ерекше күтімді қажет етпейді. Қара суыққа да, аптап ыстыққа да төзімді.

Айта кетейік, кәсіпкердің қорасында тұрған түйеқұстардың бойы 2,5 метрге жуық. Аталығының салмағы 120 келідей болса, аналығы 100 келіге жақын. Алып құстың ерекшелігі сол, оның терісі мен қауырсыны қымбат келеді. Терісінен жасалған аяқ киімдер мен түрлі бұйымдар, кәде сыйлар жоғары сұранысқа ие.

Қазіргі уақытта күнара жұмыртқалайды. Жұмыртқасы 2 келіге дейін салмақ береді. Осы құстарды көбейту үшін тапсырыспен инкубаторлық құрылғы алсам деген жоспарым бар. Асырап келе жатқаныма 4 жыл уақыт болды. Күтіп-баптау қиын емес. Уақтылы жем-шөбін беріп тұрсақ, 1 маусымда 1 аналық 50-60 жұмыртқа береді. Сонда 1 аналықтан экономикалық тұрғыдан алып қарағанда 2 тоннаға дейін ет алуға болады. 1 жылда бұл құстың салмағы 100 келіге дейін барады, яғни 1 жылдан кейін сойып етке өткізуге болады, – дейді Абдрахим Абрахманұлы.

Балық өсіруді де қолға алған кәсіпкердің алға қойған мақсаты көп екенін білдік. Үй қасынан балық өсіретін инкубаторлық цехтың құрылысын аяқтапты. Мұнда инкубаторға 200 мың шабақ шығаруға уылдырық салынған. Бұйыртса мұның да игілігін көретін күн алыс емес.

Кәсіпкердің болашаққа деген сенімі мықты. Ауданда жалғыз түйеқұс өсіретін кәсіпкер көпке үлгі болса дейміз.

Leave A Reply

Your email address will not be published.