Жамбылдық тұтынушылардың құқығы көбіне бөлшек саудада бұзылады

0 4
Жамбыл облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті мамандары жыл басынан бері жеке және заңды тұлғалардың 414 өтінішін қарады. Талдау нәтижесінде өңірдегі тұтынушылардың құқықтары көбіне бөлшек саудада жиі бұзылатыны анықталды, яғни 57,7 %-ы осы салаға қатысты. Мұның ішінде сапасыз тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту туралы өтініштер 32,2 %-ды құрайды. Бұл туралы ӨКҚ баспасөз брифингінде департамент басшысы Байқадам Дүйсенбаев айтты, — , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Ол тұтынушылардың құқықтары бұзылуының негізгі себептерін де атап өтті. Кәсіпкерлердің «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңды білмеуі және бұзуы, осы саладағы заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершіліктің жеткіліксіздігі, шағын және микро кәсіпкерлікке тексеру жүргізуге енгізілген мораторий мәселені күрделендірген.
«Былтырмен салыстырғанда өтініштердің жалпы саны 2 есеге артқанын байқадық. Біз тұтынушылардың 222 өтінішін қанағаттандырдық, оларға 15 159 477 теңге қайтарылды және 57 тұтынушы сапасыз тауарларын айырбастады, 169-ына түсініктемелер берілді. Басқа мемлекеттік органдарға өз құзыреті шегінде қарау үшін 17 өтініш жолданды. Азаматтардың өтініштерінің негізінде кәсіпкерліктерге 9 жоспардан тыс тексеру жүргіздік. Нәтижесінде бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар беріліп, «ескерту», «айыппұл» түрінде әкімшілік жазалар қолданылды. Ал «Жамбыл-Жарық-Сауда-2030» ЖШС бойынша тараптардың келісім табуына байланысты тексеріс тоқтатылды», — деді Байқадам Еркінбекұлы.
Оның айтуынша, департамент мамандары кәсіпкерлерге түсіндірме жұмыстарын және тұрғындардың тұтынушылық сауаттылығын арттыру шараларын тұрақты жүргізіп келеді. Айталық, құзырлы мекеме аймақтағы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен және «Ғасыр сапасы», «Агрессивті культтерді зерттеу» және «Азаматтық құқықтарды қорғау комитеті» қоғамдық бірлестіктермен өзара ынтымақтастық туралы Меморандумдарға қол қойған.
«Қоғамдық бірлестіктердің өкілдері біз ұйымдастырған іс-шараларға белсене атсалысады. Сонымен қатар, өз беттерінше аудандардың тұрғындары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Тұтынушылар мен кәсіпкерлер арасында пайда болған дауларды жедел шешу мақсатында қаланың ірі базарларында қоғамдық бірлестіктер өкілдері отыр. Тағы айта кетерлігі, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті аумақтық департаменттердің жұмыстарын балдық жүйемен бағалайды. Әр тоқсан сайын рейтинг түзіледі. Бірінші тоқсандағы және бірінші жартыжылдықтағы рейтинг нәтижелері бойынша Жамбыл облысының департаменті 17 ұжымның арасында екінші орын иеленді», — деді спикер брифингте.
Leave A Reply

Your email address will not be published.