Талас ауданында «Ән-жырым саған арналады, туған жер!» атты шығармашылық кеш өтті

0 9

Талас ауданы, Аққұм ауылында ақын, композитор Пәрімбек Бейсенұлының «Ән-жырым саған арналады, туған жер!» атты шығармашылық кеші өтті , — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Аталмыш кешке аудан әкімі Қанатбек Мәдібек, Талас аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов, Талас аудандық билер кеңесінің төрағасы Сәулембай Әбсадықұлы қатысты.

Талас топырағы талант дарыған тұлғаларға бай. Туған жерден тұрақ тауып, елін, жан сырын жырына арқау еткен ақын Пәрімбек Бейсенұлын жалпы аудан жұртшылығы жақсы біледі. Көпшілік Пәрімбек Бейсенұлын бойына сөз қонған ақын деп қана емес, талай өлеңге ән жазған композитор ретінде де жақсы таниды.

Шығармашылық кешті жүргізу ақын, жазушы, сазгер, қоғам қайраткері, әнші Үміт Қыранқызы Битеноваға бұйырыпты.

Кеш басталмас бұрын даланың жыры, дананың сыры, сөздің сиқыры болмысына дарыған тума талант Пәрімбек Бейсенұлының өмірдерегі үлкен экранда көрсетілді.

Кештің алғашқы құттықтау сөзі аудан басшысы Қанатбек Мәдібекке берілді.

— Ақынның атын шығаратын — оқырман. Өлеңнің де өміршең болуы оқырманға байланысты. Бұл орайда Сіздің қаламыңыздан туған шығармалар жырсүйер қауымның назарынан тыс қалған жоқ деп ойлаймын. Оған ұйымдастырып тұратын әдеби кештердегі оқылатын жырлаңыңыз дәлел. Бүгін міне «Ән-жырым саған арналады, туған жер» атты шығармашылық кешіңіздің куәсі болып отырмыз. Бұл көңілді қанаттандыратын кеш қана емес, ақынның оқырмандарға арналған шығармашылық есебі деп түсінеміз деп, ақынға ризашылығын білдіріп, шапан жапты.

 Аудан басшысынан кейін сөз алған Сәулембай Әбсадықұлы мен Жұмабек Әсемов кеш иесіне зор алғысын білдіре отырып, шығармашылық табыстар тіледі.

Аталған кеште артылған міндетке адалдық танытып келе жатқан Пәрімбек Бейсенұлының өлеңмен өрілген өмір жолы туралы сөз қозғалып, ақынның «Мен қазақпын», «Аққұмда», «Отандық әскери гимн»,» Көңіл шеруі — нысап», «Асыл анам» атты туындылары жиналған жұрттың назарына ұсынылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.