Сарысу ауданында ауыл шаруашылығы аясында кооперативтер құрылуда

0 9

Елбасы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауында Ауыл шаруашылығы министрлігі мен облыс әкімдіктеріне 5 жылдың ішінде 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді ауыл шаруашылығы кооперативтеріне тарту туралы тапсырма бергені баршамызға белгілі. Ал қолданысқа енген «Ауыл шаруашылығы кооперациясы туралы» Заңының аясында Сарысу ауданында да кооперативтер құрылуда, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

– Облыс орталығынан шалғай жатқан аудан тұрғындарының дені ауыл шаруашылығымен айналысады. Ал уақ шаруашылықтардың кооперативтерге бірігуі айрықша маңызға ие. Ауданда бұл тұрғыдағы жұмыстар жалғасын табуда, – дейді Бұл жайлы аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сейлбек Дариябеков.

Шынында да, ірілендіру ісі игілікке бастауда. Досбол ауылдық округінен құрылған «Jana kokdala» ауыл шаруашылығы кооперативі аудандағы ауыл шаруашылығы құрылымдарымен бірлесе жұмыс істеп, 4000 бас қозы етін «Мерке-ет», «Оңтүстік-халал» ЖШС-і ет комбинаттары арқылы экспортқа шығарып отыр. Сондай-ақ, Тоғызкент ауылдық округіне қарасты «Usharal-Agro» ауыл шаруашылығы кооперативі 20 секциялы мал бордақылау алаңында 3500 бас қой бордақылау ісін жүзеге асыруда. Бұл агроқұрылым да ет экспортын қолға алған.

Ал Жаңаталап ауылдық округіндегі «Жантөре-Саудакент» ЖШС ы 100 гектар жерге тамшылатып суару жүйесін енгізу арқылы көкөніс, жүгері және бақша өңімдерін егіп өсіріп отыр. Шаруашылық басшысы Медеу Шаханов алынған өнімді сапалы сақтау мақсатында 150 тонналық қойма салып, оған мұздатқыш қондырғыларын орнатпақ ниетте. Ол өзінде бар мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, мал азығындық жем цехын ашуды да ойластыруда. Бүгінгі күні мұнда 15 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Ал маусымдық жұмыстарға 160-200 дей адам жұмылдырылады.

Түркістан ауылдық округіндегі «Бәйімбет» шаруа қожалығы негізінде құрылған ауыл шаруашылығы кооперативі Жаңатас қаласынан құрама жем өндіретін цех ашуды көздеп отыр. Оған қажетті құрылғылар Қытайдан әкелініп, орнатылу үстінде. Шикізатты Жаңарық, Түркістан ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтары мен жеке тұрғындар дайындайтын болады. Ал «Түркістан» ауыл шаруашылығы кооперативінің мүшелері сүт жинақтайтын танкер сатып алып, округ тұрғындарынан сүт жинап, Жаңатас қаласында жаңадан ашылатын сүт цехына өткізуді ұйымдастыру жұмысын бастады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.