Аймақ басшысы Асқар Мырзахметов жұмыс жоспарын Тараз қаласын аралауға арнады

0 0

Аймақ басшысы Асқар Мырзахметов бүгінгі жарты күндік жұмыс жоспарын Тараз қаласын аралауға арнады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әуелгі нысан 362 га аумақты алып жатқан 15-ші шағын ауданы болды. Мұнда биыл 26 көп қабатты тұрғын үй ел игілігіне берілмекші. Оның ішінде 240 пәтердің кілті әлеуметтік қолдауды қажет ететін көпке үлестіріледі. Құрылыс барысымен танысқан әкім, бас сәулеттен ауытқып кетпеуге мән беру керектігін ескертті. Келесі бағыт көптен бері көптің көкейдегісі. Анығы, әлеуметтік желіде жергілікті билікті жазғыра жазуға түрткі болған қазылған, жабылған, шаңғытқан көше кейпі.

Ия, рас газы бар, суы бар және жылу жүйесі барлығы 71 шақырымдай жер қазылған. 71 шақырым. (37,5 км газ құбыры, 24 км жылу жүйесі, 10 км су жүйесі) Міні осындай ауқымды іс атқарылуда. Бұл ретте елге қолайсыз жағдай туындағанын жасыруға болмас. Бірақ бүгінде қолданыстағы құбырлардың 80 пайызы тозығы жеткен. Әлгі ән сөзіндегі «шөлмек тірліктің білерсің қалай сынарын» деген мағына бұл жерге қаншалықты келіңкірейтінін білмеймін, бір анығы ескірген құбырды жаңартпаса ертелі кеш жарылары хақ. Бұл тұста бюджет бүйірінен бөлінген қаржы өзге өңірлерге қарағанда Жамбылда көп.

Соған сай негізгі құбыр көбірек жаңарып қалмақшы. Астын сызып айта кетер жайт, бұған дейін мұндай көлемде жаңғырту жұмыстары болмаған. Ендігі мәселе қазу бар да жабу бар. Міні әкімнің басты мән беріп отырған мәселесі осы. Бос көміктің үстінен асфальт төсей салу деген болмау керектігін ескертті. Жамалған жер жамау емес кедірі жоқ тұспа-тұс келу қажет. Яки «іс бітті қу кеттінің» кері болмау керек. Сондықтан жауапты мердігермен келісімшарт жасасқанда дәл осы пунк қызылмен жазылады. Егер нақты істе нәтиже нөл болса айып пұл салу қажеттігін баса айтты.

Бәрін айт та бірін айт. Келесі жылдан бастап Таразда ыстық су жыл он екі ай берілетін болды. Тараздықтар үшін тағы бір мәселе жуық арада оң шешімін таппақшы. Ол оңтістік айналмалы тас жолы. Жалпы қашықтығы 16 км құрайтын күре жол шаһардың шалғай жағымен Жамбыл ауданының 12 елді мекенін жалғайды. Осылайша төтесінен жол салынбақшы.

Бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды. Биыл 4 шақырымын төсеп үлгереді. Жалпы жоба 18 айға жоспарланған. Алайда мердігер межелі мерзімнен бұрын аяқтаймыз деп сендіреді. Әкімнің аралауы «Алаш арена» спорт кешенімен аяқталды. Жеке кәсіпкердің қаржысына бой көтерген нысан футбол ойнауға таптырмайтын алаң.

Айта кетейік Асқар Мырзахметов бұл бағытта жұмыстарды саралап қалаға осындай қанша кешен керектігін анықтауды тапсырған. Нәтижесінде 86 деген тізім шықты. Биыл соның 51-де теңбіл доп турнирі өтеді. Жалпы облыстың сексен жылдығына қамдықтың бір парасы осы-ақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.