Жамбыл облысында  биыл 28 мыңнан аса оқушы бірінші сыныпқа барады

0 9

Жаңа оқу жылында Жамбыл облысында  442 мектеп жұмыс істейді.   28 мыңнан аса оқушы бірінші сыныпқа барады деп күтілуде. Аталған мәліметті «Баласағұн» ОКЗ-да өткен  «Keleshekke – kemel bilimmen» атты облыстық тамыз кеңесінде білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова айтты,-  деп жазады «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Жаңартылған білім беру мазмұнына көшу жұмыстары жалғасуда. 2019-2020 оқу жылында 4,9,10 сынып оқушылары жаңартылған білім беру мазмұнына көшеді.

Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, адамгершілік рухта тәлім-тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытуда мұғалімнің еңбегі зор.  Жалпы, 2018-2019 оқу жылында 25 мыңнан аса ұстаз 222 мыңнан аса оқушыға заман талабына сай саналы тәрбие мен сапалы білім берді. Оның 1092-сі  жас маман.  Облыста 1232 педагог республикалық, халықаралық байқаулар мен қашықтық олимпиадаларында жеңімпаз атанды.

Облыста ұстаздардың 82 пайызы (20917 педагог) жаңартылған білім  беру мазмұны бойынша біліктілікті арттыру курстарынан өтті. Жаңартылған білім беру мазмұнымен мұғалімдердің лауазымдық жалақысы 30 пайызға көбейді. Аттестаттаудың жаңа жүйесіне сәйкес ұлттық  біліктілік тестілеуден өткен 4485 мұғалім 30 пайыз  бен 50 пайыз аралығында қосымша төлемақы алуда.

Ағымдағы жылы Тараз қаласындағы А.Пушкин атындағы №41 көп салалы гимназиясы облыстық «Орта білім беретін үздік ұйым» байқауында жеңімпаз атанды.

Білім мекемелері арасында жүргізілген рейтинг нәтижесінде Жамбыл ауданындағы Б.Бесбаев атындағы мектеп-гимназиясы «Үздік ауыл мектебі», Шу ауданындағы Жібек жолы мектеп-лицейі «Үздік қала мектебі», Т.Рысқұлов ауданындағы М.Әуезов атындағы тірек мектебі «Үздік шағын жинақталған мектеп»,  Меркі ауданындағы Т.Қожакеев атындағы №39 мектеп-гиназиясы «Үздік инновациялық мектеп», Тараз қаласындағы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжі «Үздік колледж» номинациясын иеленді.

Өткен оқу жылы тек мұғалімдер үшін ғана емес, оқушылар үшін де сәтті аяқталды деуге болады. Мектеп бітірген 8813 түлектің 317-і «Алтын белгі» төс белгісіне, ал 242 оқушы «Үздік» аттестатқа ие болды.  Түлектердің 65,4 пайызға жуығы жоғарғы оқу орындарында оқуға мемлекеттік грант жеңіп алды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.