Ақшолақта жаңа мектеп ашылды

0 4

1 қыркүйек — Білім күніне орай, Байзақ ауданының Ақшолақ ауылында 120 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. Мерекеге сай безендірілген жаңа мектепке шат-шадыман күйге бөленген ата-аналар балаларын жетектеп ағылып жатты. Алыстан мен мұндалап тұрған білім беру мекемесі салтанатты түрде оқушыларын қарсы алды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА аталған ауданның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Салтанатты жиын «Өнер» мектебі өнерпаздарының әсем биімен ашылды.Мұнан облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова сөз алып, барлық ата-аналар мен мұғалімдерді, оқушыларды айтулы оқиғамен құттықтады. Сұлушаш Сәтбекқызы өз сөзінде соңғы бес жылда осы білім мекемесі үш ауысымда оқып келгенін, өңірде үш жылдан бері білім беру саласына бөлініп жатқан қаржының көлемі үш есе артқанын, 130 млрд. теңгені құрағанын, бүгінгі күні облыс бойынша бес мектеп жаңадан пайдалануға беріліп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, облыс әкімінің арнайы сыйлығы табыс етілді.

Жаңа мектебіміз құтты болсын. Облыс, аудан басшылығына рахмет. Тарыдай болып кіріп, таудай болып шығып, биіктерден көрініңдер шырақтарым!» — деді  ауыл ақсақалы, еңбек ардагері Қалман Бақтыбаев.

Жаңа нысанның лентасын облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова мен еңбек ардагері Қалман Бақтыбаев қиды.

Жаңа білім ордасы заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мектепте сапалы білім алуға барлық жағдай жасалған. Ғимаратта жаңашыл білім алуға қолайлы заманауи кабинеттер мен зертханалар, мультимедиалық кабинеттер бар. Білім беру ісі қай уақытта да, қай ғасырда да қоғам дамуы мен тұрақтылығының негізгі өлшемі болып табылады.

Елбасының ел игілігін көздеген салиқалы саясатының арқасында білім беру және әлеуметтік салаларға жасап отырған қамқорлығы ұшан теңіз. Соның бір көрінісі бүгінгі ашылып отырған білім ордасы. Осы күнге дейін Ақшолақ ауылында орта мектеп үш ауысыммен жұмыс істеп келген еді. Бұл мектептің ашылуын ақшолақтықтар асыға күтті.  Білім күні мерекесі Ақшолақ ауылының балалары үшін ерекше күн болғаны анық.

Айта кетейік,  жамбыл облысында 2019-2020 оқу жылында Ақшолақтағы жаңа мектептен бөлек  4 мектеп пайдалануға берілді.  Атап айтқанда, Тұрар Рысқұлов ауданы Жалпақсаз ауылындағы 48 орындық бастауыш мектебі және  Шу қаласы Тоғай алқабындағы 300 орындық орта мектеп,  сондай-ақ Жамбыл ауданы Бірлесу-Еңбек ауылындағы 140 орындық орта мектебімен Меркі ауданы Қазақ-Дихан ауылындағы 120 орындық орта мектептерінің  табалдырығын жаңа оқу жылының бүлдіршіндері аттады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.