2020 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек төлеудің тәсілдері өзгереді

0 9

Мемлекет басшысы өз Жолдауында Үкімет алдына атаулы әлеуметтік көмекті төлеу тетігін оның ашықтығын, әділдігін және еңбекке деген ынтаны қамтамасыз ету мақсатында түзету, сондай-ақ табысы төмен отбасылардағы балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік топтаманы енгізу қажеттігі туралы нақты міндет қойды.

 2018 жылы АӘК тағайындау құқығын анықтау үшін (кедейлік шегі) табысқа қойылатын өлшем шартты алғаш рет ең төмен күнкөріс деңгейінің 40%-тен 50%-ке дейін көтерілді.

Ағымдағы жылғы 1 сәуірден бастап:

— кедейлік шегі 50%-тен 70%-ке дейін өсті (14 849-дан 20 789 теңгеге дейін);

— сондай-ақ, табысы аз отбасының әрбір баласына АӘК
20 789 теңге немесе 70% ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде белгіленді. Сонымен қатар, шартсыз ақшалай көмек көрсету мерзімі
3 айдан 6 айға дейін, шартты ақшалай көмек 6 айдан 12 айға дейін ұзартылды.

Ағымдағы жылдың 9 айында АӘК 35,5 мың отбасына тағайындалды, ол   179,5 мың адамды құрады.  Ал АӘК орташа мөлшері 2,5 есеге өсті.   

Барлық АӘК алушылардың жартысынан астамы
көпбалалы жанұялар мүшелері (17 мың, 91,5 мыңнан астам адам).

Ағымдағы жылы бюджетте АӘК төлеуге 21,6 млрд. теңге көзделген, оның ішінде 9 айда 67% немесе 14,5 млрд. теңге жұмсалды.  (республикалық бюджеттен  20,0 млрд.теңге, жергілікті бюджеттен 1,6 млрд.теңге).

Енгізілген АӘК тетігінің оң және теріс фактілері бар.

Бір жағынан, мұқтаж отбасылар мемлекеттен нақты қолдау алды, олардың жартысы көпбалалы, сондай-ақ кейбіреулері табысы аз санаттар қатарынан шыға алды.

Мысалға, ағымдағы жылы көпбалалы отбасыларға шамамен
8,4 млрд. теңге АӘК төленді.

Екінші жағынан, өкінішке орай,  аталған атаулы әлеуметтік көмек халықтың әл ауқатының көтерілуіне біршама жағдай жасағанымен, жекелеген топтар осы жәрдемақы аясында әлеуметтік шиеленістер туғызып, алаяқтық  әрекеттерге барып отырғаны да белгілі болды.

Мысалы, АӘК тағайындау және төлеу барысында кемшіліктерді жою үшін Министрліктен 6914 отбасы тізімі жолданған, оның ішінде 933 отбасына заңсыз тағайындалған (жалған мәлімет ұсынған, табыстарын жасырған, жалған неке бұзу және т.б) 133,5 млн.теңге бюджетке қайтарылуы қажет.

Бүгінгі күнге 26,8 млн. теңге қайтарылды және қалған қаражаттарды қайтару бойынша жұмыс жалғасуда (өз еркімен қайтарту, сотқа беру және т.б).

933 отбасыға төлемдерді тоқтату нәтижесінде, жыл соңына дейін 362,6 млн.теңге үнемделеді. Қалған 5981 отбасы бойынша қайта есептеу жүргізілуде (жәрдемақы мөлшері өзгереді, төлем жалғасады).

Министрлік АӘК берудің қолданыстағы жүйесін өзгертетін заң жобасын әзірледі, басты бағыт еңбекке ынталандыру, табысы аз азаматтардың табыстарын және мемлекеттік қолдау мөлшерін есепке алуға қатысты ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету болып табылады.

Ұсынылған шараларды кешенді қарау қажет, сондықтан  ұсынылып отырған жаңа ұстанымдар: көпбалалы аналарды қолдауды;  жаңғыртылған атаулы әлеуметтік көмекті; кепілді әлеуметтік топтаманы қамтитын болады.

Біріншісі. Табысы аз балалардың 50%-ға жуығы көпбалалы отбасынан шыққан балалар.

Осыған байланысты, АӘК алушы көпбалалы отбасылар  құрамынан балаларды шығарып, оларға табысқа қарамастан берілетін мемлекеттік жәрдемақыға ауыстыру. Бұл көпбалалы аналардың беделін мойындап, олардың әл-ауқатын арттыруға әкелетін жол  болады.

Көпбалалы отбасыларға берілетін жаңа мемлекеттік жәрдемақыны отбасы балаларының санына қарай 42 500 теңгеден 73 375 теңгеге дейін сараланған, АЕК-ке еселенген мөлшерде белгілеу ұсынылады.

Екіншісі. АӘК өмірлік қиын жағдайға тап болған және өз бетінше шығуға мүмкіндігі жоқ адамдарға ғана тағайындалуы тиіс.

Осыған байланысты, келесі негізгі тетіктері ұсынылды:

біріншіден, АӘК-тің тоқсан сайынғы тағайындау тәртібін қайтару және тиісінше шартты және шартсыз көмекті үш айға тағайындау.

 Бұл бір жағынан АӘК алушылардың өз табысын жасыру мүмкіндігін асыра пайдалану жағдайларын барынша төмендететін болады. Екінші жағынан, отбасының жан басына шаққандағы табысы тек қана ұлғаю жағына қарай ғана емес, көбіне азаю жағына өзгереді (баланың тууы, жұмыстың жоғалуы, әлеуметтік мәртебесінің жоғалуы және т.б.), және АӘК тағайындауға тоқсан сайын жүгінген кезде тағайындалған АӘК мөлшері ұлғаюы мүмкін.

екіншіден барлық отбасы мүшелеріне АӘК орта табысымен кедейлік шегі арасындағы айырмашылық көлемінде төленетін болады.

үшіншіден, егер отбасының еңбекке қабілетті мүшесі ұсынылған белсенді жұмыспен қамту шаралардан бас тартса, онда ол және оның отбасының барлық мүшелері АӘК алу құқығынан айырылатын болады.

Сондай-ақ, бала күтімімен айналысатын анаға, бала үш жасқа толғаннан кейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу құқығын беру ұсынылады.

— төртіншіден, учаскелік комиссиялар жұмысын күшейту. Өкінішке орай АӘК алушылар бірнеше қабатты жеке үйлерде тұрып жатқан, бірнеше автокөлік бірлігі болған, жер учаскелері мен жеке қосалқы шаруашылықтары үлкен көлемде болған мысалдар аз емес. Бұл жағдайлар учаскелік комиссиясынан жауапкершілігінде.

Сондықтан, заң жобасында учаскелік комиссиялар үшін атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждығын анықтау өлшем шарттарын бекіту қажеттігі туындап отыр.

Сонымен қатар, учаскелік комиссияның қорытындысы бойынша АӘК беруге мұқтаж емес отбасыларға, АӘК тағайындаудан бас тарту негіздерін толықтыруды ұсынамыз.

АӘК-ке үміткер отбасылар санының артуы, қоғамдық негізде жұмыс істейтін учаскелік комиссиялардың жұмысына әсер еткенін мойындау керек. Сондықтан, біз заң жобасында учаскелік комиссияларға отбасының материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытынды жасау үшін мерзімді үш күннен жеті күнге дейін арттыруды ұсынамыз.

Үшінші. Мемлекеттік атаулы көмек туралы заңды табысы аз отбасылардан шыққан балаларға кепілді әлеуметтік топтаманы енгізумен кеңейтілетін болады.

Мектепке дейінгі жастағы балалар тамақпен, гигиеналық құралдармен және білім беру қызметтерімен қамтамасыз етілетін болады.

Ал, оқушы балалар үшін мектептерде тегін ыстық тамақты, күнделікті мектепке дейін және кері тегін жол жүруді, сондай-ақ мектеп формасы мен оқу құралдарын мемлекет есебінен берілетін болады.

Осылайша АӘК-тің қолданыстағы тетігі түзетілетін болады.

Көпбалалы отбасылар мемлекет қорғауында болып қала береді.

Егер көпбалалы отбасы жаңа жәрдемақыны ала отырып, табысы аз адамдар мәртебесінде қала беретін болса, ұсынылып отырған заң жобасына сәйкес оған жаңа принциптерде құрылған, өзіне атаулы әлеуметтік көмек пен кепілді әлеуметтік топтаманы қамтитын АӘК тағайындалатын болады.

Аталған заң жобасы табысы аз азаматтарға көмек көрсетудің атаулылығын, айқындылығын және әділдігін қамтамасыз етуге, оларға еңбекке жаңа ынталандырулар беруге тиіс, нәтижесінде мемлекеттік қолдау шынайы мұқтаж адамдарға көмектесетін болады.

Тимуржан НҰРЫМБЕТОВ,

облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды

үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар

басқармасының басшысы

Leave A Reply

Your email address will not be published.