Таразда «Көне шаһардағы мың бір түн» атты музей түні өтті

0 7

Таразда «Ежелгі Тараз» тарихи-мәдени қорық-музейі ұжымының ұйытқы болуымен «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде «Көне шаһардағы мың бір түн» атты музей түні іс-шарасы өтті. Оған қала тұрғындары түн ауғанша келіп, тамашалады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА  ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Іс-шараның ашылу салтанатында «Ежелгі Тараз» тарихи-мәдени қорық музейінің директоры Нұрлан Бықыбаев кіріспе сөз сөйлеп, келушілерге ризашылығын жеткізді. Тарихтан тамыр тартқан жәдігерлерді жұртшылық қызыға тамашалады. Әсіресе түрлі театрландырылған қойылымдар жұртшылықтың жүрегіне жетті. Өйткені онда да тарихтың таңбасы бар. Бұдан соң облыстық қазақ драма театрының директоры Болат Бекжанов, облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Сайлаухан Ашанов, «Ордабасы» мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының қызметкері Бақытбек Қасымов, «Таңбалы» мемлекеттік қорық-музейінің қызметкері Қуаныш Нұрмақсұтов сынды азаматтар жоғары деңгейде ұйымдастырылған іс-шараға көңілдері толғанын жеткізіп, алғыстарын айтты.

«Музей түні» театрландырылған қойылымының бағдарламасына келушілер бұл күні көпестер мен қолөнер шеберлері орналасқан қалашыққа сапар шегіп, Қарахан мен Айша бибінің тарихына үңілді. Музей кеңістігіндегі қайта жанданған тарихи тұлғалармен бір қатарда жүріп, түрлі түсті инсталляция аясында естелік фотоға түсті. Осылайша шаһардың өткенінен мол мәлімет алды. Кешкі сағат 20:00 мен 03:00 аралығын қамтыған іс-шараға үш мыңнан астам адам келгенін айта кеткен ләзім. Осынау іс-шараға аса белсенділікпен қатысқан азаматтар соңыра Алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.