Тараздық оқушы қыз құрғақ сарысу өндіруді қолға алмақшы

0 0

Тараз қаласындағы Зияткерлік мектебінің он екінші сынып оқушысы Дана Құрманбек құрғақ сарысуды өндіретін бизнес-жобасын жүзеге асыруға екі миллион теңге ұтып алды. Оның бизнес-бастамасын «Атамекен» Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы аясында қолдады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Біздің елге құрғақ сүт сарысуы Ресей мен Беларусиядан импортталады. Ал оны өзіміз өндіре бастасақ қосымша шығындардан арылар едік. Құрғақ сарысу 150-ден астам өнім түрлерін шығаруда қолданылады. Бұл косметикалық және фармацевтикалық құралдар, шұжық және кондитерлік өнімдер, балмұздақтың түрлері, – дейді Дана.

Жас бизнес-леди өз идеясын жақын арада іске асыруды жоспарлап отыр. Бизнес-жоспар да бар, инвестиция дайын дейді ол.

Оқушы бизнес-жоспарын жетекшісі экономика пәнінің мұғалім-модераторы Әлия Жусанбаеваның басшылығымен мұқият құрып, есептеген.

«Сүт өнімдерінің қалдықтарын қайта өңдеу арқылы құрғақ сарысуды өндіру жобасын жүзеге асыруды Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің базасында жүзеге асырамыз. Еңбегіміз болашақта өңірдің және елдің экономикасына ерекше пайда әкеледі деген үміттеміз», – деді Әлия Махтабекқызы.

Айта кету керек, Дана Құрманбек байқаудың ең жас қатысушысы атанды. Оның жасы небәрі он сегізде. Данамен қатар байқауға зейнеткер жасына дейінгі тәжірибелі кәсіпкерлер де қатысты. Әрбір қатысушының өз бизнес-жобасын таныстыруға үш минут және конкурстық комиссия мүшелерінің сұрақтарына жауап беруге екі минут уақыт берілді.

Ұйымдастырушылардың ақпараты бойынша, байқауға барлығы 250 өтінім келіп түскен. Жобалар бизнес-идеялардың жаңашылдығы, бизнестің бәсекеге қабілеттілігі мен дайындығы критерийлері бойынша бағаланды. Конкурстық комиссия құрамына Назарбаев Университетінің, қала тұрғындарын жұмыспен қамту орталығының, қоғамдық ұйымдардың, кәсіпкерлер палатасы мен түрлі кәсіпорындардың өкілдері, сондай-ақ, бизнесмендер кірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.