Жамбыл облысының 80 жылдығына орай Шу ауданында мәдени- спорттық нысан ашылды

0 4

Шу ауданы Белбасар ауылында 400 орындық мәдени-спорттық кешен ашылды. Бұл -Жамбыл облысының 80 жылдығына орай пайдалануға берілген алғашқы нысан. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Сауранбаевтар әулетінің демеушілігімен бой көтерген мәдени- спорттық кешеннің ашылуына облыс әкімі аппаратының басшысы Рүстем Дәулет қатысып, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың құттықтауын жеткізді.Сонымен бірге Болат Сауранбаевқа «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төс белгісін табыс етті,- деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Сауранбаевтар әулетінің демеушілігімен бой көтерген нысан облыстың 80 жылдығына орай пайдалануға беріліп отырған алғашқы нысан.

Өткен жылы іргетасы қаланып, қазығы қағылған кешеннің құрылыс жұмыстарын мердігер «Шебер билд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Жобалық құны 500 миллион теңгеге айналған. Онда бүгінде 50 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделуде.

Ел игілігіне берілген заманауи мәдени-спорт кешені әлемдік стандарттарға сай салынған. Оның жалпы ауданы 2600-ден аса шаршы метр аумақты құрайды. Екі қабатты ғимаратта шағын футбол, баскетбол, волейбол, бокс, күрес және жаттығу секциялары орналасқан. Сондай-ақ, онда спортшылар мен кешен қонақтары үшін жабдықталған буфет-асхана да қарастырылған. Тіпті, төрт кабинет, мәжіліс залы да бар. 100 автокөлікке арналған көлік тұрағы келушілерге қолайлылық тудыратыны сөзсіз.

Жоба жетекшісі, демеуші Болат Сауранбаев бұл нысан балалар мен жасөспірімдерге спортпен толыққанды айналысу арналғанын, спорт – денсаулықты нығайтып қана қоймай, мінезді тәрбиелеу, тәртіп пен өзін-өзі жетілдіруге серпін беретінін жеткізді. Сонымен қатар, ол әрбір азамат өзінің туған елі мен жерінің көркеюуіне тамшыдай үлес қосып, дамуына атсалысуы перзенттік парыз екендігін айтады.


Aйта кетейік, Жамбыл облысының 80 жылдық мерей тойына орай 80 нысанды ел игілігіне беру жоспарланып отыр. Бұл спорт кешені ашылатын сексен нысанның алғашқысы. Алдағы уақытта, өңір мерейтойы қарсаңында бірқатар мәдени-тарихи, әлеуметтік нысандарды ел игілігіне беру көзделуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.