Жаңатаста 56 отбасы баспаналы болды

0 2

Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында Жаңа жыл қарсаңында №4 шағынаудандағы 56 пәтерлі №15 үй қалпына келтіріліп, 56 отбасы баспаналы болды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Жамбыл облысының 80 жылдығына орай облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың тікелей бастамасымен қолға алынған жұмыстар нәтижесінде әлеуметтік жағынан аз қорғалған және жылдар бойы пәтер кезегінде тұрған отбасылар пәтерге қол жеткізді.

Жарты ғасырлық тарихы бар қалада мемлекеттік бағдарламалар аясында көпқабатты тұрғын үйлер қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілуде. Жылдан-жылға қала тұрғындарының саны көбейіп, тұрғын үй кезегіндегілер саны да арта түсуде.

Бүгінгі таңда коммуналдық меншіктегі тұрғын үйлерден пәтер алу кезегінде 2 мыңға жуық адам тізімде тұр.

Осы мәселені шешу, тұрғындарды, әсіресе жағдайы төмен отбасылары мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарды тұрғын үймен қамту үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылуда. Биылғы жылдың өзінде көпбалалы аналар баспаналы болды.

Жыл сайын бос тұрған көпқабатты үйлерді қалпына келтіріп, ел игілігіне беру жұмыстары жалғаса беретін болады.

Жаңа үйдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Қанатбек Мәдібек бұл игі шара облыс басшысы Асқар Мырзахметовтың тікелей бастамасы арқылы жүзеге асып отырғанын жеткізді.

Сондай-ақ, аудан тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтап, белгіленген құрылыс жұмыстарын сапалы атқарып, жалпы ат салысқан барша азаматтарға алғысын білдірді.

Баспаналы болғандарға жаңа пәтер кілттерін аудандық мәслихат хатшысы Сағымбек Бегеев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жанат Жұмаділдаев тапсырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.