Пилоттық жоба Жуалы ауданында қарқынды белең алуда

0 0

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту» жобасы ауыл халқы үшін үлкен мүмкіндік болып отыр. Үкімет отырысында мақұлданған қанатқақты жобаға қатысушылардың біразы бүгінгі таңда 2,5 пайыздық несиеге қолжеткізіп, жұмысын бастап кетті. Сол кәсіпкерлердің бірі — бәйтеректік Жарылқасын-Айжан Пірназовтар отбасы, —  деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Қалдан ата мен Гүлбала апа балаларымен Өзбекстаннан атажұртқа 2004 жылы көшіп келіпті. Қалдан ата ұзақ жыл мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етсе, Гүлбала апа ауыл шаруашылығы заводында кадр бөлімінде еңбек етеді, кейін бұзаушы болады.

Егін шаруашылығының қыр-сырын жақсы меңгерген отбасы бірнеше гектарға алхоры, шабдалы жемістерін және қызылша, күнбағыс, пияз, тағы да басқа көкөністерді еккен екен. Атажұртқа келген соң қария жеке шаруа қожалықта алма бақта бақташы болады. Ал анамыз бес жыл зейнетке шыққанша қоғамдық жұмыс істеген. Қара шаңырақтағы ұлдары Жарылқасын болса мал шаруашылығымен, құрылыс жұмыстарымен айналысады. Үйлері шағын болғандықтан балалардың болашағын ойлап жаңадан үй салуға бел буады. 2012 жылы іргетасын құйған қоныстарына 2015 жылы бітіріп кіреді.

Азын-аулақ малымыз бар еді. Малымызды саттық, жұмыс істедік, әйтеуір бар тапқанымызды жинап, үйімізді бітіріп алдық. Бала кезімізден еңбекке – мал асырау мен бау-бақша егу жұмыстарына жақын болдық. Қазір де әкеміз жанымызда ақылын айтып жүреді. Малды қай кезде емдеу керек, жемшөбін қалай беру керек бәрін үйретіп отырады. Атажұртымызға келген соң да төрт гектарға күнбағыс ектік. «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы туралы айтқанда шыны керек, алғаш түсінбедік. Кейін облыс басшысы, аудан, ауылдық округ басшылары, арнайы мамандар егжей-тегжейлі түсіндіріп, нәтижесінде тиімді несиені алуға тәуекел еттік. Несиеге алғашқылардың бірі болып қол жеткіздік. 3 млн. 500 мың теңге несие алдым. Оған үш бас сиыр, 50 бас қой, 500 түк жоңышқа, екі тонна арпа алдық. Қойды Билікөлден бір фазендадан алдым. Сиырды да өзіміз таңдап алдық. Бәріне көңіліміз толады. Аллаға шүкір, балаларымыздың нәсібесі деп ойлаймыз, сиырымыздың біреуі бұзаулады. Қойымыздың да алды қоздады. Мал төлдету науқаны алда. Алла қаласа, мал төлдету науқанын шығынсыз өткізсек деген жоспарымыз бар. Мал басы көбейген соң жайылым мәселесі туындайды. Бізге он гектар жер керек. Әйтпесе, жем-шөптің бәрін сатып ала берсек, шығын көп кетеді. Мал азығын өзімізден шығарғанға жер берілсе деген тілегіміз бар. Бұл — біздің отбасылық кәсібіміз. Жолдасымның мамандығы — аспазшы. Екеуміздің екі ұл, екі қызымыз бар. Жұбайымның тағы да аяғы ауыр. Бұған дейін мен көбінде сыртта жұмыс істеп жүруші едім. Сондықтан отбасымызбен бұл кәсіпті ашқанымызға қуанып жатырмыз. «Алыстан арқаланғанша, жақыннан дорбалан» демекші, өз үйіңнен кіріп-шығып, бала-шағаңның жанында жүріп жұмыс істегенге не жетсін.
Кәсіп ашсам деген және жұмыссыз жүрген жандарға бұл жоба үлкен мүмкіндік болып отыр. Сондықтан Үкіметке ризашылығымызды білдіреміз,— дейді Жарылқасын пірназов.

Leave A Reply

Your email address will not be published.