Қала әкімі Айтқазы Қарабалаев халық алдындағы қорытынды есебін өткізді

0 1

Қалалық мәдениет үйінде қала әкімі Айтқазы Қарабалаев халық алдындағы қорытынды есебі өткізілді. Есепке Қазақстан Республикасы Әкімшілігінің Мемлекеттік инспекторы Еркін Базарханов, Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов, қалалық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, жергілікті тұрғындар қатысты  , —  деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.

Кездесуге жиналғандар алдында Айтқазы Дәулетқұлұлы өткен жылғы тындырымды жұмыстар жөнінде есеп беріп, осы жылда атқарылар ауқымды жобаларды жұртшылыққа таныстырды. Өз кезегінде тұрғындар қала әкіміне сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Көпшіліктің қала әкімі Айтқазы Дәулетқұлұлына қойған негізгі сұрақтары: қоғамдық орындарда, саябақтарда бейнебақылау орнату, жаңа алқаптарды ауыз сумен қамтамасыз ету, мектептерге күрделі жөндеу жүргізу, жол және қоғамдық көлік қатынасы, балалардың спорт алаңшасының құрылысы мәселесін көтерді. Қала әкімі Айтқазы Қарабалаев және тиісті басқармалар мен бөлім басшылары сұрақтарға нақты жауаптар берді.

Есептің соңында сөз алған облыс әкімі Асқар Исабекұлы облыс орталығында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелерінің кезең-кезеңмен шешілу жолдары мен мүмкіндіктерге нақтылап тоқталып өту қажеттігін ескертті. Әлеуметтік желідегі тұрғындардың сұрақтарын ескере отырып 2020 жылы атқарылатын жұмыстардың көлемі, бюджет қаражатының мүмкіндігі мен демеушілердің көмегімен жүргізілетін жұмыстарды (жол жөндеу, аялдама орнату, көшелерді жарықтандыру, күрделі жөндеуден өтетін, құрылысы жүргізілетін білім нысандары) жариялау қажеттігін тілге тиек етті.

Облыс басшысы қаладағы халықтың игілігіне берілген мәдени орындарды тұрғындардың бұзып, бүлдіріп жатқандығына, бүгінгі таңдағы рухани деңгейімізге де алаңдаушылық білдіріп, тұрғындардың ұсыныстарына қосылатынын жеткізді. Қала әкімінің жұмысына оң баға беріп, жұмысына сәттілік тіледі.

Халыққа қорытынды есеп беру кездесуінен кейін, алдын ала хабарландыру бойынша қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың азаматтарды қабылдауы ұйымдастырылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.