Жамбыл облысында жастарға арналған екі орталық пайдалануға берілді

0 1

Жамбыл облысында жастарға арналған екі орталық пайдалануға берілді ,  — деп хабарлайды «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Бүгін Тараз қаласындағы “Jastar” қабілет орталығында “Asyl mura” фронт-кеңсесі ашылды. Мұнда 60 адамға арналған бөлме (кабинет), кинозал, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану орны және жастарға қызмет көрсету орталығы бар.

“Асыл мұра” – материалдық, рухани-мәдени, тарихи мұраны сақтау бойынша волонтерлік қозғалыстың бір бағыты. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа атап өткендей, фронт-офис еріктілер мен волонтерлік ұйымдардың жұмысын үйлестіру бойынша тұрақты қызмет ететін алаңға айналмақ. Бүгінде облыс бойынша 60-тан астам еріктілер қозғалысы тіркелген десек, олардың құрамына 6 мыңнан астам ерікті топтасқан. Олар “Асыл мұра” бағыты бойынша халқымыздың тарихын, мәдениетін және дәстүрін насихаттаумен, тарихи ескерткіштерге қамқорлық жасаумен айналысады. Сонымен қатар гидтер рөлін атқарады.

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев жастарды еріктіліктің басқа салаларын дамытуға және еліміздің игілігі үшін аянбай тер төгуге шақырды, карантин кезінде «Біз біргеміз» акциясы аясында мұқтаж жандарға азық-түлік себеттерін жеткізуге атсалысқан еріктілерге алғысын білдірді.

– Өткен жыл Жастар жылы, ал 2020 жыл – Еріктілер жылы деп жарияланды. Жастар әрдайым қоғам дамуының қозғаушы күші болып келді және солай болып қала береді. Қазір сіздер үшін ең бастысы – білім алу және өз салаңыздың маманы болу. Жақында «Әулие-Ата» жастар саясатын дамытудың өңірлік бағдарламасы іске аса бастайды. Ол жастардың кәсіби және жеке тұлғалық дамуын қарастырады. Сіздерге мансаптық жоғарылауға көмектесетін жас мамандардың кадрлық резерві дайындалады. Сонымен қатар, жастарды қолдау мақсатында түрлі мемлекеттік бағдарламалар әзірленбек. Барлық жағдай жасалуда, тек жұмыс істеу керек.
«Сен де бір кірпіш дүниеге, Кетігін тап та, бар қалаң», – деп Ұлы Абай айтқандай өмірден өз орныңды тауып, еліміздің болашағына өз үлесін қоса білетін азамат болып қалыптасу керек. Жастарды өздерін теріс пиғылына пайдаланғысы келетін түрлі адамдар бар. Сіздер үшін ең маңыздысы – дұрыс жолды таңдай білу, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев дін, білім, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік аясындағы “Senim” психологиялық көмек көрсету орталығының мамандары қызмет көрсететін жастарға қолдау көрсету орталығының жұмысымен танысты. Мұнда еріктілер ниеттілер үшін ағылшын тілі курстарын өткізеді.

Аймақ басшысы мұндай орталықтардың барлығы жастардың пікір алмасып, түрлі мәселелерді талқылауы үшін жиі жиналатын орынға айналуы керектігін атап өтті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.