Талас ауданында Республикалық жазба ақындар мүшәйрасы онлайн түрде өтті

0 3

Жамбыл облысы Талас ауданы әкімдігінің қолдауымен, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты «Ұлбике ақын» мәдениет орталығының ұйымдастыруымен қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына байланысты Республикалық жазба ақындар мүшәйрасы онлайн түрде өтті ,- деп хабарлайды «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Жыр додасына қатысатын ақындар екі тақырып бойынша бұрын жарияланбаған, әрқайсысы екі беттен аспайтын өлеңдерін жолдады.

Бірінші тақырып бойынша Ұлы ақынға арнау өлең Абай Құнанбайұлының бірегей тұлғасын, ұлы мұрасын өзек ету, ал екіншісі еркін тақырып болды.

Мүшәйраға 18-49 жас аралығындағы 63 ақын қатысты. 63 талапкердің арасынан 8 үміткер іріктелді.
Қатысушылардың жолдаған жырларын Үміт Битенова , Қайырбек Асанов, Ербол Қамбатыров, Сабырғали Рысбаев, Көсемәлі Сәттібайұлы сынды ақын, жазушылар сараптап, баға берді.

Қазылардың төрелігі бойынша бас жүлдеге алматылық Батырхан Сәрсенхан лайық деп танылды. Бірінші орын Айдар Сайлауовқа (Қызылорда) бұйырса, екінші орынды тараздық Ербол Елшат, ал байқаудың үшінші орынын Есет Досалы иеленді.

Ынталандыру бойынша 100 000 теңге көлеміндегі сыйақыға Әсел Бұралқы (Қаратау) және Нұржан Манатбек (Қызыләуіт) лайық деп танылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.