Жамбыл облысында  шаруалар ешкі санын көбейтіп, сүтінен ірімшік жасауды қолға алмақ

0 1

Жамбыл облысы Меркі ауданының тұрғыны  «Шекшек ата» тұқымын көбейтіп,  өнімінен ірімшік жасауды қолға алмақшы. Қазірдің өзінде  арнайы фермада 200 асыл тұқымды ешкі өсірілуде. Тұтынушылардың талабын тамыршыдай дәл басқан  кәсіпкер  биыл арнайы цех ашуды жоспарлауда, -деп хабарлайды «ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Меркі ауданы Беларық ауылындағы  «Агрокәсіп» ЖШС-і  ешкі фермасын құрды.  Серіктестік басшысы Мурат Рисметов биыл өз қаражатымен  80 млн. теңгеге  Ресей Федерациясынан 200 бас занендік асыл тұқымды ешкі сатып әкелген болатын.

-Көрші мемлекеттен жеткізілген  аша тұяқты бұл малдардың  жағдайы жақсы. Арнайы құжаттары бар.  Тексеруден өткен. Сатып алмас бұрын  өз кәсібімнің қыр-сырын әбден зерттедім. Тауарлы фермаларды да барып көрдім. 2016 жылы осындай ешкі фермасы Атырауда  ашылған болатын.  Сүт сауылып, шикізаты сол жерде өңделеді. Құрылғылары Италиядан жеткізілген. Біздің облыста да ұсақ шаруашылықтар бар осы кәсіппен айналысатын. Әзірге  осы екі жүз бас ешкіні сатып алдым. Болашақта көбейту де жоспарымда бар,-дейді серіктестік басшысы.

Қазір фермадағы 70  бас аналық ешкі лақтаған. Мұнда күніне әр ешкіден 3 литр сүт сауылып,  жергілікті ірімшік жасайтын кәсіпкерлерге өткерілуде.
Серіктестікте  барлығы 7 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпкер алдағы уақытта  ірімшік жасайтын цех ашуды да жоспарлап отыр.

— Облыста мал шаруашылығымен айналысамын деушілерге көптеген жағдай жасалып жатыр. Асыл тұқымды мал басына берілетін субсидия да үлкен көмек. Ал ешкі сүті ана сүтімен пара-пар.  Одан жасалатын өнімдер  отандық нарықта  өз орнын табады.  Әрі шипалы, әрі сапалы, құнарлы  өнімдерді өткеруден мәселе болмайды.  Цех ашылғаннан кейін тағы 6 адам жұмыспен қамтылатын болады. Бұл кәсіптің тиімділігі ұсақ малдың өсімталдығында.    — дейді серіктестік басшысы Мурат Абдуллаұлы.

Қазақстан бойынша тұңғыш рет ешкі фермасы осыдан алты жыл бұрын Атырау облысында құрылған болатын. Құны 60 млн теңгені құраған жоба сәтті жүзеге асырылып, тауарлы фермада өнімнің 40 түрі шығарылуда. Тиімділігі мен пайдасы мол бұл кәсіппен енді жамбылдық шаруалар да айланыса бастады. Алдағы уақытта жұмыс қарқынды болады деп күтілуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.