Отар ауылына түлектер тарту жасады

0 19

Елорда күні қарсаңында  Отар ауылында  тарихтан сыр шертетін стелла ашылды. Ерекше тартуды №41 орта мектепті 2000 жылы бітірген түлектер  арнайы жасатқан  — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Ауылын алтын бесігіне санаған азаматтардың әрдайым туған жеріне бір бүйрегі бұрып тұрары хақ. Өскен жерден, туған елден алыс кетсе де қолдан келсе қамқорлығын жасағысы келіп тұратын жерлестеріміз жетерлік. Әсіресе, соңғы жылдары мектеп бітіргендеріне 10, 20, 30 жыл болған жандар туған жерге сый жасауды дәстүрге айналдарып, соның арқасында әр ауылда ерекше нысандар бой көтеруде.

Отар аймағы жалпы елімізге танымал жер. Онда тарихымыздағы күрделі кезеңдерде Аңырақай даласында өткен шайқас туралы естімеген кемде кем болар. Бүгінде бейбіт әскери ойындардың алаңына айналған 40-шы «Отар» әскери базасы да сол жерде орын теуіп, жас сарбаздарды шыңдауда. Еліміздің шойын жол бойынша күре жолы да осы аймақ арқылы өтеді. Мереке қарсаңында ауылға кіре берісте ашылған стелланың кескіні сол тарихтан сыр шертетіні де заңдылық. Жоғарыда атап өткеніміздей сол бір дәстүрді негізге алған №41 орта мектептің 2000 жылғы түлектері ауылдарына айшықты стелла орнатып, ауыл игілігіне берді.
Салтанатты шараға аудан әкімі Рүстем Дәулет, ауыл ақсақалдары мен тұрғындары қатысты.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жерге туыңды тік» акциясы аясында, Отар ауылының мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған азаматтарының демеушілігімен бой көтерген «Отар ауылы» стелласының ашылу салтанатына жиналып отырмыз. Мектеп түлектеріне осындай ел игілігі жолында жасаған жомарттық істері үшін алғыс білдіремін. Туған жерге туын тігіп жүрген азаматтардың жұмысына сәттілік, Отар ауылына өркендеу тілеймін. Еліне қызмет етер осындай азаматтарымыз көп болсын. Баршаңызды келе жатқан 6 шілде – Елорда күнімен шын жүректен құттықтаймын. Әр шаңыраққа құт-береке, ырыс пен ынтымақ, отбасыларыңызға амандық тілеймін, — деді аудан әкімі.

Сондай-ақ, ауылдық округінің ардагерлер ұйымының төрағасы Саламат Молдажанов жерлестерін мерекемен және стелланың ашылуымен құттықтап, осындай игі істі қолға алған жандарға алғысын білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.