Жамбыл облысында әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетілуде

0 4

Жамбыл облысында әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетілуде. Қала әкімдігі мен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ қаржылық қолдауымен қаладағы 9 емханаға дәрі-дәрмек топтамасы табысталды, — деп жазады “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Препараттармен қамтамасыз ету халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын қолдау мақсатында ұйымдастырылып отырған қайырымдылық акциясы болып табылады.

Жас пен кәріге қарамай, жақындарымызды жалмап жатқан коронавирусқа қарсы төтеп беруде жұмыла жұдырық болып, істің берекесін арттырудың маңызы зор.

Қажетті дәрі-дәрмектің тапшылығы медициналық нысандардың жұмысына аяққа киілген кісендей кедергі тудырғаны рас.

Сондықтан, халыққа күн-түн демей көмек көрсетіп жатқан медициналық мекемелерге дәрі жеткізу акциясы қолға алынды.

Кәсіпкерлердің демеушілігімен жалпы саны 560 азамат дәрі-дәрмек пакетімен қамтылатын болады. Пакеттегі дәрілер 7 күнге арналған және оның нарықтағы бағасын есепке алмағанда өзіндік құны 7825 теңгені құрайды. Атап айтсақ, №1 «Жанұя» емханасы (50), №2 (50), «Садыхан» ОКДМО (50), №4 (50), №5 (100), №6 (70), №7 (70), №8 (50), №9 (70) сынды медициналық нысандар игі шарамен қамтылды.

Адамдардың көптеп шоғырланбауын қарастыратын карантин жалғасып жатқандықтан, жоғарыда аталған азаматтарға дәрі-дәрмек топтамасын жеке табысталмай, олар препаратты емханада арнайы тестілік дәрі егуден кейін өз қажетіне алатын болады.
Жеткізілген дәрі-дәрмек қатарында ксарелто, осельтамивир акрихин, зитрокс секілді қымбат препараттар да бар. Олардың кейбірінің бағасы 7 мың теңгеден басталады. Сол сияқты, цефтриаксон, дексаметазон, новокаин секілді дәрі егуге арналған ерітінділер де емханалардың қажетіне берілді. Бір ғана №5емханаға жеткізген дәрі-дәрмектің жалпы құны 27 млн теңгені құрады.

Осылайша, жамбылдық билік өкілдері, кәсіпкерлер мен қоғам белсенділерінің ұйымдасқан әрі жедел әрекеті көптеген науқастардың сауығуына үміт сыйлады. Соны тілге тиек еткен облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков, індетпен күресте күш біріктірудің маңыздылығын алға тартып, бірлесіп қана барлық қиындықтарды жеңуге болатынын жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.