Татарстан дәрігерлері облыстың денсаулық сақтау жүйесіне жоғары баға берді

0 0

Жамбыл облысының денсаулық сақтау жүйесінің даму деңгейі Татарстаннан кем түспейді. Бұл туралы өңір басшысы Бердібек Сапарбаевпен кездесу барысында Жамбыл облысына жергілікті дәрігерлерге коронавирустық инфекциямен күресте консультациялық көмек көрсету үшін арнайы келген татар дәрігерлері айтты,- деп жазады «ZhambylNews» ақпараттық агенттігі.

Облыс әкімі ресейлік мамандарға шақыруды қабыл алғаны үшін алғысын білдіріп, әлемдегі күрделі эпидемиологиялық ахуал жағдайында бауырлас көрші мемлекеттердің қолдауы мен көмегі аса маңызды екенін атап өтті.

— Сіздердің республикаларыңыздың басшылығымен бұрыннан келе жатқан достық байланысымыз бар. Мен бір кездері басшылық еткен Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласында татар этносының өкілдері көптеп орналасқан. Онда жыл сайын сабантой мерекесі өткізіліп, әлемнің түкпір-түкпірінен татарлар шақырылады. Бірде оған Татарстанның бұрынғы президенті Минтимер Шаймиев те қатысқан болатын. Сіздердің республикаларыңыздың қазіргі басшылығымен де серіктестік, сонымен бірге достық қарым — қатынас сақтап қалғанымызға қуаныштымын, — деді Бердібек Сапарбаев.

Өңір басшысының айтуынша, бүгінде Ресей Федерациясы, әсіресе Татарстан коронавирусқа қарсы күресте жақсы нәтижелерге қол жеткізе білген. Әлбетте, бұл ең алдымен дәрігерлердің ерең еңбегінің жемісі.

— Бүгін біз жағдайды тұрақтандыруға қол жеткіздік. Облыста коронавируспен ауыратындардың саны 3391 адамды құрайды, олардың жартысына жуығы емделіп шықты. Инфекциялық және провизорлық стационарлар ашылып, ауруханалар мен дәріханаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Дегенмен, медициналық жабдықтармен қамтуда мәселе жоқ емес, әсіресе өкпені жасанды желдету аппараттарының жетіспеушілігі байқалады. Бұл мәселені шешуге біз кәсіпкерлерді, ірі компанияларды тарттық. Тамыз айында барлық медициналық мекемелерді ӨЖЖ аппараттарының қажетті санымен толық қамтамасыз ете аламыз деп ойлаймын. Жақын арада облыстың барлық аудандары үшін 10 компьютерлік томограф сатып алу жоспарланып отыр. Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін зейнет демалысындағы дәрігерлер мен медициналық жоғары оқу орындарының түлектерін де жұмысқа шақырттық. Шамамен 300 — ге жуық адам тартылды, — деді Бердібек Сапарбаев.

Аймақ басшысы өңірдегі және жалпы республикадағы жағдайдың тұрақтанғанына қарамастан, әлі оны жақсы деп бағалауға болмайтынын тілге тиек етті. Бірқатар проблемалар мен сұрақтар шешімін таппай отыр, күн сайын аурудың жаңа жағдайлары тіркелуде. Сондықтан Қазақстан Президентінің карантинді тағы екі аптаға ұзарту, содан кейін барып біртіндеп шектеу шараларын жеңілдету туралы шешімі дұрыс екенін атап өтті.

— Халықтың шаршағаны түсінікті, бірақ мұның бәрі олардың өмірі мен денсаулығы үшін жасалып отыр, — деп түйіндеді Б.Сапарбаев.

Татар дәрігерлері бұл тұжырыммен келісетіндіктерін жеткізді. Олар біздің елге келуіне мүмкіндік жасағаны үшін облыс басшылығына және Қазақстан Үкіметіне ризашылықтарын білдіріп, өңірдегі денсаулық сақтау жүйесін жоғары бағалады.

— Біз бұған дейін Қазақстанда болған емеспіз. Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Қарағанды сияқты қалалар туралы естігенбіз. Шынын айту керек, Жамбыл медицинасының деңгейі ауылдық көрсеткішпен бірдей деп ойлағанбыз. Бірақ біз қателесіппіз. Сіздердің дәрігерлеріңіз коронавируспен ауыратын науқастарды емдеуде қолданатын медициналық көмек үлгілері, емдеу хаттамалары, тіпті ауылдық жердегі медициналық көмек көрсету моделдеріңіз іс жүзінде Ресейдегіден еш айырмашылығы жоқ. Сіздердің медициналық көмек көрсету жүйелеріңіз, Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі бекіткен емдеу хаттамалары, бүгінде сіздің дәрігерлеріңіз коронавируспен ауыратын науқастарды емдеу үшін, тіпті ауылдық жерлерде де, ресейліктерден еш айырмашылығы жоқ. Сіздерден де үйренетін нәрсеміздің бар екенін мойындаймыз. Өкінішке орай, бүгінде әлемнің бірде-бір елінде коронавирусты емдеудің нақты хаттамасы жоқ. Сондықтан біздің кездесуіміз-тәжірибе, пікір алмасуға негізделген. Біз қазақстандық мамандармен бірге ковидпен күреске үлес қосамыз деп үміттенеміз, — дейді топ жетекшісі, Татарстан Республикасы Орталық округі басшысының коронавирустық инфекциясы бар науқастарға реанимациялық көмек көрсету жөніндегі орынбасары Александр Ванюшин.

Кездесу соңында ресейлік мамандар жамбылдық дәрігерлерді Татарстанға іс-сапармен келуге шақырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.