Тараз қаласы әкімдігі абаттандыру жұмыстарын бақылауда әлсіздік танытуда

0 6

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев облыс орталығындағы құрылыс нысандарын аралап, Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевқа бірқатар тапсырмалар берді, — деп жазады “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Биыл 163 ауланы абаттандыруға 2,3 миллиард теңге бөлінген. Аймақ басшысы атап өткендей, бұл орайда бюджет қаражатын ұтымды ұқсату өте маңызды.

Бердібек Сапарбаев алдымен Әйтеке би көшесіндегі №30 көпқабатты үйдің ауласындағы абаттандыру жұмыстарының сапасын тексерді. Құны 13,6 миллион теңгені құрайтын бұл жұмыстарды мердігер «ERK-Astana» жүргізуде. Бүгінде тұрғындардың өздері күтіп-баптауға белсене ден қойып, гүлдер мен көшеттер отырғызып аумақты көркейтуге барынша атсалысуда.

Көп қабатты үйдің төрайымы Мадина Атажанова серіктестік директоры Эльнара Шилеевке және оның жұмысшыларына атқарылған жұмыстары үшін алғыс білдірді. Аймақ басшысы Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевқа аула арықтары арқылы су жеткізу мәселесін шешіп, жергілікті тұрғындардың көгалдандыру ісіне көмектесуді тапсырды.

— Үй тұрғындары өз аулаларын абаттандыруға, көшет отырғызып, гүлзарларға күтім жасауға деген ынтасы қуантады. Тараздың барлық аулалары осы сияқты әдемі болуы керек, — деді аймақ басшысы.

Бұдан кейін Б.Сапарбаев Желтоқсан және Дулати көшелерінің қиылысындағы суармалы арық жүйесін қайта құру жұмыстарының барысымен танысты. Мұнда 36 шақырымды құрайтын арық қалпына келтіріледі. Бүгінге дейін тек 8,5 шақырымы жөнделген. Бердібек Сапарбаев сылбыр жүргізіліп жатқан жұмыстар үшін жатқан мердігер компанияны сынға алды.

Аймақ басшысы Жайлау шағын ауданындағы № 1,3,4,6,7 үйлердің аулаларын қалпына келтіру және жөндеу жұмыстарын да назарға алды. Бөлшектелген жиектастардың сапасына айрықша көңіл бөлді.

Қандай мердігер жұмыс жасауда? Сіздер жарамсыз деп тапқан жиектастар әлі 10 жылға жарайтындығына күмәнім жоқ. Олардың бәрін ауыстырудың керегі қанша? Әлеуметтік желілерде өз наразылығын білдірген тұрғындардікі дұрыс. Бұған кеткен ақшаны балалар мен спорт алаңдарын абаттандыруға жұмсаған абзал. Облыс әкімінің міндеті – қаражат тауып, бөлу. Ал орындалатын жұмыстардың сапасы, тиімділігі мен мерзіміне тікелей бақылау жүргізу қала әкімінің міндеті. Айтқазы Дәулетқұлұлы, мұны жеке бақылауға алыңыз, осындай негізсіз әрекеттерді тоқтату керек. Жұмысқа жауапсыздықпен қарауға болмайды,- облыс әкімі Қарабалаевқа жүгінді.

Қала басшысы айтылған ескертулер бойынша ешқандай түсініктеме бере алмады.

Өңір басшысы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевқа жақында облыс орталығының тұрғындары шағымданған жиек тастарды ауыстыру және аулалардағы ағаштарды кесу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың қаншалықты орынды екеніне талдау жүргізу бойынша тапсырма жүктеді.

«Бәйтерек» шағын ауданындағы № 13, 14, 15 көпқабатты үйлердің аулалары да қарқынды абаттандырылуда. «Алимансур» ЖШС директорының орынбасары Мәмбет Сағынбековтің айтуынша, 25 мамырда басталған жұмыс 10 тамызға дейін аяқталмақ.

Мұнда абаттандыру 2017 жылы жүргізілген. Мұнда да сол, сапалы жиектастар ауыстырылуда. Мұның не қажеті бар? Оның орнына жолдарды сапалы жөндеген дұрыс, — деді облыс әкімі ескерту жасап.

Өңір басшысының айтуынша, аулаларды абаттандыру кезінде мердігерлер жіберген кемшіліктер осыған жол берген қала әкімдігі басшылығының салғырттығы мен немқұрайлығынан орын алған. Бөлінген бюджет қаражатына тиісті бақылау болатын болса, тиімділік арта түсер еді.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Сыпатай батыр, Көшенай, Қойгелді, Ниетқалиев, Абай және Жамбыл даңғылдарының бойындағы М-2 жылу магистралін қайта жөндеу жұмыстарын да барлады. Бердібек Сапарбаев Қойгелді көшесіндегі жол жамылғысын қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Асфальттың бірінші қабаты төселген, сметалық құжаттарға сәйкес екінші қабатты төсеу жоспарлануда. Бірақ банкротқа ұшыраған мердігер компанияның жұмысты аяқтауға қаражаты жоқ. Екі жылдан бері қазылған жолдар Тараз тұрғындарының көптеген шағымдары мен наразылығына себеп болуда.

Бердібек Сапарбаев қала әкіміне тиісті барлық мемлекеттік органдарды қатыстыра отырып, бұл мәселені шешуді тапсырды.

Жұмыс қыркүйек айында аяқталуы керек. Сіздердің жүйесіз әрекеттеріңіздің салдарынан қала тұрығындары зардап шекпеуі тиіс, — деді облыс әкімі.

Одан кейін аймақ басшысы «Таразэнергоорталық» АҚ-да болды. Бердібек Сапарбаев қазандық пен турбиналық цехтың жай-күйінен хабардар болды.

31 Шілдеде Тараздағы 300 көпқабатты үйге ыстық су беріледі. Ал тағы екі күн ішінде 631 көпқабатты үй ыстық сумен қамтамасыз етілмек. Бұл ыстық сумен қамтамасыз етуі тоқтатылған тұрғын үйлердің жалпы санының 76 пайызын құрайды. Қалған 190 үй жылу магистральдарындағы жұмыстардың аяқталуына қарай қосылатын болады, — деп атап өтті Құдайберген Қорғанбаев.

Бұдан соң облыс әкімі Май тоғайында болып, мүгедектігі бар адамдарды оңалтумен және жұмысқа орналастырумен айналысатын «Асар» Заңды тұлғалар бірлестігінің қызметімен танысты. Ұйым тоғай аумағындағы ғимаратқа көшуде. Өңір басшысы бірлестік өкілдерімен әңгімелесіп, Айтқазы Қарабалаевқа ғимаратты жөндеуге көмек көрсетуді тапсырды. Бердібек Сапарбаев Құрбан айт мерекесімен құттықтап, азық-түлік себеттерін табыс етті.

Leave A Reply

Your email address will not be published.