Өңір бойынша «Qurban2020 kz» сайты арқылы ет алуға 1544 тұрғын өтініш білдірген

0 3

«Qurban2020 kz» сайты арқылы  ет алуға өтініш білдірген, мұқтаж отбасылардың саны облыс  бойынша 1544 болса, соның ішінде 1138-і Тараз қаласы бойынша сұраныс жасағандар, — деп жазады “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Биылғы қасиетті Құрбан айт мейрамында Алла разылығы үшін Құрбандық шалуға ҚМДБ-ның ұйытқы болуымен Республикалық көлемде іске қосылған «Qurban2020 kz» сайтының жұмысы Жамбыл облысында да жалғасын тапты. Жалпы санитарлық талапқа сай жабдықталған қасапханаларға жүгіну арқылы шалған құрбандықтарының көрсеткіші облыс бойынша 269 ірі қара, 5түйе, 4211 қой, 70 ешкі құрбандыққа шалынып, 16 981 адамға таратылды.

— Жұртты шаттық пен берекеге кенелтетін осынау айт күндері құрбандық шалу, қасапхананы ұйымдастыру, етті мұқтаждарға жеткізуге ат салысқан, барлық қасапшылар, еріктілер, атсалысқан барша мемлекет қызметкерлеріне, дін мамандарына, мемлекеттік органдарға алғыс айтамын. Бұл мерекені атқару барлықтарыңыздың бірліктеріңіздің арқасында. Бірлесе істеген іс – жемісті болары хақ. Оның көрінісі ретінде бүгінгі жұмыстың нәтижесін ауыз толтырып айтуға болады. Сіздерден Алла разы болсын! — деді ҚМД басқармасының Жамбыл облысы бойынша бас имамы,  «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев «ӨКҚ» алаңында өткен брифингте. 

Бүгінде азаматтардың сеніп тапсырған құрбандық малдары түгел шалынып, шалушыға есебі 10 секунттық видео негізінде whatsapp желісі бойынша жеке-жеке жолданған. Сондай-ақ, бейнежазбада ниет білдіруші есімі аталып, Алладан қабыл болуын тілеп, малды бауыздағаны да көрсетілген. 

Карантинге байланысты ет алуға өтініш білдірген мұқтаж отбасыларына жеткізу үшін облыс бойынша 80 көлікпен  270 ерікті жұмылдырылып, әр көлік құрбандыққа шалынған малдың етін 20 отбасының үйіне жеткізген. Барлық шара карантин талаптарына сай атқарылды. 

Жалпы облыс бойынша құрбандық шалу сайт арқылы және қасапханаға өз малдарын әкелу арқылы жүзеге асқанын айтып өттім. Биылғы айт індеттің таралуына байланысты өзгеше өткені баршамызға сынақ әрі тәжірибе болды. Соған қарамастан «Жағаласса жыртқызбаған жағасын, тайғақ кешсе тайдырмаған тағасын» еліміз бірлікпенен әрбір қиындықты еңсере жеңіп келеді, — деді имам.

Тағы айта кетерлігі, құрбандық етінің таратылуындағы ерекшелік. Бұрынғы құрбандықтың етін әр отбасы үшке бөліп, бір үлесін өзі алып, екіншісін таратып жіберетін. Үшінші бөлігін тағы қаражат шығарып, шығындалып қонақ шақырып жататын. Ал онлайн құрбандықтың еті толығымен өтініш білдірген жандардың қолына тапсырылды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.