Қордайда спорт кешендері мен фармацевтикалық зауыт салынуда

0 2

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев  Қордай ауданына жұмыс сапарымен барып, бірқатар құрылыс нысандары мен шаруа қожалықтарын аралады, — деп жазады «ZhambylNews» ақпараттық агенттігі.

«Қордай Агро 2020» ЖШС құлпынай өсіруді қолға алған. «Альбион» сұрыпы Қайнар ауылында 10 гектар алқапқа отырғызылған. Қазақстан мен Түркия бірлескен кәсіпорын құлпынайды карантин енгізілгенге дейін отырғызуға тиіс болатын. Наурыз айында Түркиядан 1 млн.көшет алынған. Сол уақыттан бері көшеттерді әкелу мүмкіндігі болмай, олар тоңазытқышта сақталған. Міне, енді көшеттерді жеткізу сәті түсті. Дегенмен кәсіпорын айтарлықтай шығынға ұшырады. Екі апта бұрын құлпынай бес гектар алқапқа отырғызылды.

Кәсіпорын басшысы Варшахлы Ваиханың айтуынша, «Альбион» сұрыпының дәмі ерекше, бұл жидектің 1 килограммы 1500 теңге тұрады. Құлпынай алқабының маңына 40 ара ұяшықтарын қою жоспарлануда. Жалпы, шаруашылық құлпынай алқабын 50 гектарға жеткізуді көздеп отыр. Облыс әкімі өнімді тоғыз ай бойы үзбей алып отыру үшін құлпынайды жылыжайда отырғызу мәселесін қарастыруды ұсынып, облыс басшылығы тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді.

Сондай-ақ, Сарыбұлақ ауылында өңір басшысы «Самғау» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. 478 гектар жүгері алқаптарында тамшылатып суару әдісі қолданылады. Евгений Трубников басқаратын шаруа қожалығы әр гектардан 980 центнер өнім алады, ал тамшылатып суару құрылғысы Италиядан сатып алынған.
Облыс әкімі шаруашылық жұмысына оң бағасын беріп, жүгері алқаптарын ұлғайту қажеттігін атап өтті.

Отар ауылына барған облыс әкімі спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысып, 25 тамызға дейін нысанның іргетасын құю жұмыстарын аяқтап, 1 қыркүйектен қабырғасын қалау жұмыстарын бастауды тапсырды.

— Жұмысты тездету қажет. Жұмысшылар санын көбейтіп, қазан айының соңына дейін ғимарат құрылысын аяқтап, ішкі әрлеу жұмыстарын бастау үшін екі ауысым ұйымдастыру қажет, — деді облыс әкімі.

Сонымен қатар, Бердібек Сапарбаев спорт кешенін безендіруге, атап айтқанда Қордай ауданының атақты спортшыларының портреттерін ілуге көңіл аудару қажеттілігін атап өтті.

Бұған қоса, Гвардейский қалашығында өңір басшысы №43 орта мектепке барып, содан кейін иммундық препараттар шығаратын биофармацевтикалық зауыт құрылысының барысын бақылап, нысан құрылысы бойынша штаб отырысын өткізді. Зауыт осы жылдың аяғында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Қазіргі жағдай құрылысшылар уақыт жағынан екі апта артта қалғандығын көрсетеді. Кешігудің себептеріне көңіл бөлген аймақ басшысы мердігерлерге нысанға қосымша жұмыс күшін тарту арқылы жоғалған уақыттың орнын толтыру тапсырды.

— Зауыт биыл пайдалануға тапсырылуы тиіс. Бұл пандемия жағдайында өте маңызды. Зауытта иммунобиологиялық дәрілік препараттар, оның ішінде қазіргі таңда клиникалық тексеруден өтіп жатқан коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина өндірісі жоспарлануда, — деді аймақ басшысы.

Зауыт құрылысымен қатар зауыт қызметкерлері үшін 60 пәтерлік тұрғын үй құрылысы басталып кеткен. Бердібек Сапарбаев үй құрылысын биыл аяқтауды тапсырды.

Үлкен Сұлутөр ауылдық округінде облыс әкімі «Сұлутөр» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. 24 мың гектарға бидай, арпа, жүгері, көп жылдық шөптерді еккен шаруашылық биыл 25 миллион теңгеге дән тазалауға арналған екі құрылғы сатып алған. Шаруашылық басшысы Серік Ермековтың айтуынша құрал-жабдықтың басым бөлігі мен жалпы материалдық-техникалық база ескіріп, жаңартуды талап етіп тұр.

Сұлутөр ауылында орта мектепті күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, жоспар бойынша жұмыс қыркүйек айының ортасында аяқталады. Облыс әкімі жұмысты тездетуді, мектепті жаңа оқу жылының басына дейін тапсыру қажеттілігін атап өтті.

-Мектеп оқушыларының саны аз болғандықтан, оқу процессі қашықтықтан емес, мектепте өткені абзал. Ал, бірінші сынып оқушылары сабақты қашықтықтан оқыса, қандай білім алады, — деді Бердібек Сапарбаев.

Сонымен бірге, Әлжан ана ауылында спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жоспар бойынша бірнеше спортзалдары, боксшылар алаңы бар кешен құрылысы ағымдағы жылдың қазан айында аяқталмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.