Жамбыл облысында картоп өндіруші шаруаларға жаңа техникалар берілді

0 6

Бүгін Жуалы ауданындағы картоп өсіретін шаруа қожалықтарға жалпы құны 216,1 млн.теңгені құрайтын 50 дана жаңа ауыл шаруашылығы техникалары берілді, — деп жазады “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев биыл өңірде картоп дақылының егістік көлемін арттыруды, картоп өсіруші шаруашылықтарды қолдай отырып, өзімізде өндірілетін өніммен облыс тұрғындарын қамтамасыз етуді тапсырған болатын.

Сондықтан, картоп өндірумен айналысатын шаруаларды қолдау мақсатында алынған техникаларды облыс әкімі Бердібек Машбекұлының өзі арнайы барып тапсырды.

 Бүгінгі күні облыста 18869 дана ауыл шаруашылығы техникалары есепте тұрса, оның ішінде картоп дақылын өндіретін 267 дана техника бар. Дегенмен бұл техникалардың тозығы жетіп, ескірген. Сондықтан, картоп өндірісін қарқынды дамыту үшін осы жаңа техникалар «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы шаруа қожалықтарға лизингке берілуде.

-«Бұл жоба бойынша жұмыс бір ай бұрын басталды. Көптеген фермерлер оның тиімділігіне күмәнданып, бізбен жұмыс істеуге ынталары болмады. Ал, жоба іске қосылғаннан кейін бізге лизингіге техника сатып алғысы келетін тағы 10 шаруа қожалығы жүгінді», — деді «Тараз» ӘКК АҚ төрағасы Олжас Қаржауов.

-Ал картоп егушілер бірінші кезекте тұқымға назар аудару керек. Егер сапалы тұқым болмаса, жақсы егін жиналмайды. Екіншіден, техниканың маңыздылығын айтпасақ та түсінікті. Қуатты және заманауи технологияларсыз ауыл шаруашылығымен толықтай айналысу мүмкін емес. Сондықтан біз картоп өсірушілерге алдағы уақытта сапалы жаңа деңгейге көтерілуге көмектесетін бірқатар жобаны әзірледік, — деп атап өтті облыс әкімі.

Ағымдағы жылы аймақта 11,2 мың гектарға картоп дақылы себіліп, өткен жылмен салыстырғанда 1 мың гектарға артқан болатын. Егілген картоптың 25 пайызы Жуалы ауданына тиесілі болса, жуалылық шаруалар биылғы жылы 2 560 гектарға картоп отырғызды.

Бүгінгі күні облыс бойынша 4 мың гектар картоп жиналып, жалпы түсім 121,3 мың тоннаны, орташа өнімділігі – 302,7 ц/га құрап отыр.

Айта кетейік, биыл аймақта болжаммен 270,0 мың тонна картоп дақылын жинау жоспарлануда. Яғни, өткен жылмен салыстырғанда 35,3 мың тоннаға артады деп күтілуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.