Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске жүйелі шаралар керек — Бердібек Сапарбаев

0 1

Жамбыл облысындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының кезекті отырысында, облыс әкімі Б.Сабарбаев, мекеме басшыларына күш жігерді жемқорлықтың алдын алуға және оған қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағыттау қажеттілігі туралы басып айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» ақпараттық агенттігі.

Жамбыл облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті арқылы 2020 жылдың алты айында 73 қылмыстық іс тіркеліп, кәсіпкерлердің жұмысына бес фактісінің жолы кесілді. Олардың қатарында әртүрлі деңгейдегі шенеуніктер – ауыл әкімдерінен бастап облыстық деңгейдегі басшыларға дейін кездеседі.

Бірінші жартыжылдықта соттарға 67 қылмыстық іс жолданып, 49 адам жауапқа тартылған. Оның ішінде облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының бұрынғы басшысы, сол басқарманың бөлім басшысы, Мойынқұм ауданы әкімінің орынбасары, Шу аудандық полиция бөлімінің көші-қон қызметі бөлімінің бастығы бар. Ағымдағы жылдың алты айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментімен сотқа жолданған 20 қылмыстық іс бойынша 34,5 миллион теңге айыппұл салынған.

2019 жылы соттарда қаралған қылмыстық істерді талдау білім беру, табиғат пайдалану, ауыл шаруашылығы және құрылыс сияқты жергілікті атқарушы органдар қызметінің салаларында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің бар екендігін көрсеткен. 2020 жылы бұл тәуекелдер ауылдық округ әкімдіктерінде, кәсіпкерлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары саласында анықталған.

— Анықталған теріс фактілер ұйымдар мен кәсіпорындар басшыларының алдын алу шараларына тиісті деңгейде көңіл бөлмейтінін көрсетеді. Сонымен қатар, барлық мемлекеттік органдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің нұсқамаларын орындамайды, — деді сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Әділхан Әшірбаев.

Бұл мәселеден облыстық кәсіпкерлік, жерді пайдалану мен қорғауды бақылау басқармалары, Жуалы, Мойынқұм және Сарысу аудандары әкімдіктері де тысқары емес.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында аудан әкімдіктеріне «Сервистік әкімдік» форматындағы жұмысқа көшу ұсынылды. Алайда, осы уақытқа дейін бұл бағыттағы жұмыс жекелеген аудандарда сылбыр жүруде.

Сондай-ақ, облыс әкімі аппаратының басшысы Қанатбек Мәдібек қазіргі уақытта көптеген мемлекеттік ұйымдар халыққа қол жетімді әрі ашықтықты қамтамасыз ету үшін өз жұмыстарын қайта қалыптастырып жатқандығын атап өтті. Сонымен бірге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кешенді жоспардың кейбір тармақтары орындалмай отыр.

Байзақ, Жамбыл, Қордай, Рысқұлов және Жуалы аудандарында әлі күнге дейін Сервистік әкімдіктер ашылмаған. Қ.Мәдібек жыл соңына дейін қалған төрт ай ішінде мемлекеттік органдардың басшылары кешенді жоспар бойынша жұмыстарды жандандырып, тапсырмалардың орындалуын қамтамасыз ету керектігін алға тартты.
Бұл мәселе бойынша облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатаң ескерту жасады.

— Сыбайлас жемқорлықпен жүйелі шаралар арқылы күресу керек. Өкінішке орай, жергілікті атқарушы органдардың қызметінен мұндай жүйелі жұмыс байқалмайды. Сондықтан нәтиже де аз. Ашық, адамдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасау міндеті қойылғанымен, кейбір аудандарда «Сервистік әкімдіктер» әлі күнге құрылмаған. Біз билік органдарына деген сенімді нығайту қажеттілігі туралы айтып келеміз, ал кейбіреулер мемлекеттік қызметтен жеке пайда табуға тырысады, — деді ол.

Аймақ басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы кешенді жоспарының бірқатар көрсеткіштеріне сәйкес келмеген лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту туралы ұсынысын қолдайтындығын білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.