Жамбыл облысында жануарлардың бруцеллез ауруы азайған

0 4

Соңғы кездері аймақта сапалы диагностика нәтижесінде жануарлардың бруцеллез ауруы азайған. Тиісінше, малдан жұқтырғандар саны да төмендеген. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппарат кеңесінде облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ербол Жиенқұловтың айтты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» ақпараттық агенттігі.

Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында жануарларды аса қауіпті ауруларға қарсы егу жұмыстары жоспар бойынша жүргізіліп, 100 пайызға орындалған. Жануарлардың аса қауіпті аурулары табылған жоқ. Облыста 160 ветеринарлық пункт және 11 ветеринарлық станция бар. Талай жылдар бойы олар қараусыз қалып келді десек, тек 2017 жылы осы қызметтің материалдық-техникалық базасын жақсарту жұмыстары басталған. Қазіргі уақытта 124 ветпункт қызметтік ғимаратпен қамтамасыз етілген. Ағымдағы жылы қалған 36 ветпунктті ғимаратпен қамту жоспарланған. Дегенмен, бірқатар елді мекендерде интернеттің болмауы ветеринарларға белгілі бір қиындықтар туғызуда.

Тұрғындардың өтініштеріне байланысты қазіргі уақытта қаңғыбас жануарларға арналған питомниктердің құрылысы пысықталуда. Бұл үшін бірқатар аудандарда тиісті аумақтар қарастырылып, жобалық-сметалық құжаттар дайындалуда.

Баяндамаларды мұқият тыңдағаннан кейін облыс әкімі бірқатар ескертулер мен ұсыныстар айтты.

— Қолда бар мал саны бойынша біздің облыс республика бойынша жетекші орынға ие. Бұл жағдай ветеринарлық қызметке ерекше жауапкершілік жүктейді. Ол оған қойылатын талаптарға сәйкес келуі керек. Әзірге ол байқалмайды. Жануарлардың электрондық дерекқоры мен нақты жағдайлар арасында айырмашылықтар бар. Ауыл шаруашылығы басқармасымен, көрші республикалардағы әріптестерімен тығыз байланыс орнатылмаған. Жеке ауладағы малдарды вакцинациялау, чиптау және сырғалау жұмыстарының бәрі ойдағыдай емес, — деді ол.

Осыған байланысты ветеринарлық қызметтің алдына бірқатар нақты міндеттер қойылды, олардың ең бастысы жануарлар арасында аса қауіпті аурулардың алдын алу болып табылады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.