Жамбыл облысында кәсіпкерлік қайта жанданды

0 0

Пандемияның салдарынан елімізде жарияланған карантиндік шектеулерге байланысты бірқатар кәсіпкерлер қызметін уақытша тоқтатқан болатын. Жамбыл облысының Бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, карантин шаралары жеңілдетілгеннен кейін өңірдегі кәсіпкерлік нысандар жұмысын бастады. Тиісінше, жұмысын қайта жандандыратын кәсіпкерлік нысандардың тізімі бекітілді, — деп хабарлайды «ZhambylNews» ақпараттық агенттігі.

Үстіміздегі жылдың 17 тамызынан бастап елімізде біраз карантиндік шектеулер күшін жойды. Кәсіпкерлер жұмысын бастау үшін «InfoKazakhstan.kz» сайтына өтініш беріп, санитарлық нормаларға сәйкестігін растап, электронды форматта рұқсат алуы тиіс. Аталған платформа барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып, бизнеске карантин режимінен кезең-кезеңімен шығуға көмектеседі. Бүгінде аймақ бойынша сайтқа 6000 мың бизнес өкілі тіркеліп, жұмыс істеуге рұқсат деген құжат алған.

Бірнеше ай бойы күшейтілген карантинге тап болып, үйде отырған кәсіпкерлер жұмысына кірісіп, қуанып жатыр. Бұрын тек азық-түлік базарлары жұмыс істесе, енді киім-кешек, құрылыс, жиһаз сататын базарларға да рұқсат берілді. Апталап жабық тұрған сауда орталықтары, сұлулық салондары, шаштараздар, қайта ашылды. Ал, ірі сауда орталықтарында жұмысы қайта жанданған кәсіпкерлік нысандар санитарлық-дезинфекциялық шараларды қатаң сақтауы тиіс.

— Инфоқазақстан сайты арқылы біз жұмысымызды бастауға рұқсат алдық.Қазіргі таңда жұмыс істеп жатырмыз.Барлық санитарлық талаптарды сақтаудамыз.Маска,антисепикті міндетті түрде қолданамыз.Еденді күніне 2 рет хлормен жуамыз. Сауда орталығына келетін адамдардың бәрін бетпердемен кіргіземіз.Қауіпті дерттің таралмауы мен сатып алушылардың саулығы үшін барлық талаптарды сақтап жатырмыз, -дейді сауда орталығының директоры Руслан Мырқалықов.

Алайда, өңірде әлі де қызметіне тыйым салынған нысандар бар. Мәселен, театр, кинотеатр, кітапхана, мұражайларға баруға болмайды. Бассейндер, аквапарктерге рұқсат берілген жоқ. Сонымен қатар қоғамдық жағажайларға барып, суға түсуге және отбасылық жиындар, той жасауға да болмайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.