Облыс орталығында «Сервистік әкімдік» ашылды

0 2

Таразда сервистік әкімдігінің жаңа кеңсесі ашылды. Мұнда тұрғындарға ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, құрылыс, дене шынықтыру және спорт саласына қатысты қызметтер ұсынылатын болады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» ақпарат агенттігі.

«Open space» форматындағы сервистік әкімдік жобасын Тараз қаласының әкімдігі Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментімен бірлесіп «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы аясында жүзеге асырған. Мұнда қала тұрғындары нақты уақыт режимінде өз өтініштері бойынша ұсыныстар мен жауаптар ала алады.

Жобаның басты мақсаты – мемлекеттік органдардың халыққа қолжетімділігін арттыру және кедергісіз кеңістікті қалыптастыру. Барлық деңгейдегі әкімдіктердің сервистік форматқа көшуі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына толық сәйкес келеді.

«Open space» форматында жұмыс істейтін алғашқы сервистік әкімдік тиімділігін көрсетіп отыр. Онда бөлімдер артық бюрократиясыз тікелей байланыс арқылы 17 мемлекеттік қызмет көрсетеді. Жаңа сервистік әкімдік тұрғындарға 20-дан астам танымал Мемлекеттік қызметтерді қолжетімді түрде ұсынатын болады.

Қазір бұл тәжірибені алдағы уақытта ең көп мемлекеттік қызметтер көрсетілетін аудан орталықтарында да ашу көзделуде. Бүгіннің өзінде сервистік әкімдіктер Меркі, Талас, Сарысу аудандары мен Шу қаласында жұмыс істеп отыр. Жақын арада Байзақ, Т.Рысқұлов және Қордай аудандарында фронт-кеңселер ашу жоспарлануда.

Азаматтарды қабылдау ашық кеңседе өтеді. Егер азаматқа, бөлім басшысымен немесе оның орынбасарларымен кездесу қажет болса, ол оған арнайы сол кеңседе қол жеткізе алады. Шыны қабырғалар, сондай-ақ бейне және аудио жазбалармен жабдықталған кеңсе кез-келген сыбайлас жемқорлықтың алдын алары сөзсіз. Бердібек Сапарбаев жаңа тұжырымдамамен танысып, жеделділік пен нәтижелік – әкімдік қызметіне қойылатын басты талап екенін атап өтті. Сондықтан өтініштерді қарастыру, оны қызметкерден екінші қызметкерге жолдау ұзақ уақытқа созылмауы тиіс.

— Азаматтар қысқа мерзімде жауап алуы тиіс. Сондай-ақ, кері байланысқа барынша көңіл бөлу керек. Егер сіз біреудің өтінішін қанағаттандырудан бас тартуға мәжбүр болсаңыз, оның себебеі мен оған қажетті нәтижеге қалай қол жеткізуге болатынын түсіндіру керек, — деді ғимараттың ашылуына арнайы келген аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.