Жамбыл облысындағы былғары зауыты жылына 500 мың аяқ киім шығаруға қауқарлы

0 138

Жамбыл облысы еліміз бойынша тері өңдеу және аяқ киім тігу саласы бойынша елге танылған өңір. «Тараз былғары аяқ киім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылына бес жүз мың аяқ киім шығаруға мүмкіндігі бар. Тоқырау кезеңін бастан өткерген кәсіпорын негізі 1961 жылы қаланған Жамбыл былғары комбинаты 2002 жылдан бастап «Тараз былғары аяқ киім» ЖШС болып қайта құрылып, отандық өнім өндіруді қолға алды, — деп жазады «ZhambylNews» ақпарат агенттігі.

Еліміздегі бірден-бір аяқ киім шығаратын ірі өндіріс орны жылына 500 мың жұп аяқ киім шығаруға мүмкіндігі бар. Дегенмен бүгінде тапсырыс көлемі біршама азайған. Ал биыл тұтынушыға 120 мың жұп аяқ киім тігуді жоспарлапты. Қажетті шикізат жергілікті шаруалардан жиналады. Осында өңделіп, илеуден өтеді

— Құрылғыларымыз заманауи, барлық стандарттарға сай келеді. Тапсырыс көлемі аздау. Бағасы да халық үшін қолжетімді. Жамбыл өңірінде мал шаруашылығымен айналысушылар көп, алайда тері өткізушілердің саны аз, — дейді «Тараз былғары аяқ киім» кәсіпорнының бас директоры Еркебұлан Ералы.

Мұнда өндірілген аяқ киімдердің бағасы 6 мыңнан 18 мың теңгеге дейінгі аралықта. Сапалы, таза былғарыдан жасалған өнім үшін бұл баға қымбат емес. Зауыт мамандары өздері тұтынып жүрген тауардың бірнеше жылға шыдас беретінін сенімді түрде айтып отыр. Сондай-ақ жеңіл өнеркәсіпті дамытуда мамандар күші де айрықша маңызға ие екені белгілі. Бұл күнде Тараз былғары аяқ киім фабрикасында 200 адам жұмыс істейді.

— Тері толық өңдеуден өткен соң пішіледі. Кесілген теріден дайын аяқ киім шығарылады. Соңында бояп-әрленеді. Ары қарай дайын өнім қоймаға жіберіледі. Кәсіпорынға тігінші, технолог мамандары жетіспейді. Айлық жалақымыз уақытында беріледі. Бұрын мұндағы қызметкерлер саны бұдан да көп еді. Аяқ киімдер өте сапалы. Бұрынғы жылдары әскери борышын өтеуші сарбаздарға да тапсырыспен аяқ киім тіктік,-дейді зауыт жұмысшысы Фарида Исакова.

Зауыт «Вет-блю», «Краст» деп аталатын жартылай фабрикаттар, былғары тауарлар, жұмыс және арнайы аяқ киімдер шығаруға да маманданған. Шығарылатын өнім түрінің тоқсан бес пайызы отандық құрамға ие. Кәсіпорын былғарыны жергілікті халықтан сатып алса, тиісті қосалқы материалдар мен химикаттарды шет мемлекеттерден импорттайды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.