Талас ауданында «Асарлатып үй салу» жобасы аясында салынған баспананың кілті табыс етілді

0 12

Биыл Жамбыл облысында ертеден келе жатқан «асар» дәстүрі қайта жаңартылып, көпшіліктен қолдау тапқан болатын. Игі бастамамен барлық аудандарда мұқтаж отбасылар үшін тұрғын үйлер салу қолға алынған еді. Жұртшылықтың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан жобаның нәтижесінде бүгін Талас ауданы, Майтөбе ауылында жалғыз басты ана Нұржамал Байбағысова баспаналы болды, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Туған жер» арнайы жобасы аясында қазір Талас ауданның 9 ауылдық округінде «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша баспаналардың құрылысы жалғасуда.

Құрылыс жұмыстары алғашқы болып Майтөбе ауылында аяқталды. Қойгелді көшесінде бой көтерген жаңа тұрғын үй әлеуметтік аз қамтылған отбасы, жалғыз басты ана – Нұржамал Байбағысоваға берілді.

Үй салуға 20 соттық жер телімі бөлінген. Бүгінгі таңда 4 бөлмелі үйдің шатыры жабылып, ішкі жұмыстары толық аяқталған. Сондай-ақ жаңа қонысқа, демеушілер жиһаз бен теледидар тарту етті.

Баспананы тапсыруға Талас ауданы әкімінің міндетін атқарушы Қадірбек Садубаев, ауыл тұрғындары, арнайы шақырылған меймандар, БАҚ-ның өкілдері қатысты.

— Жылдар бойы басымызда баспанамыз болған жоқ. Өзіміз салуға жағдайымыз келмеді. Бүгін ауданымыздың, ауылымыздың үлкендері мен имамы, ақсақалдары бас болып, жастары, кәсіпкерлер, қарапайым тұрғындар бәрі ат салысып, осындай үлкен үй салып берді, өте қуаныштымын. Ынтымақ бірлігіміз ажырамасын. Қиын-қыстау заманда осындай қолдау көріп жатқаныма ризашылығымды білдіремін, — деді Нұржамал Байбағысова.

Шара соңында асарлатумен біткен шаруаның басы-қасында жүрген, сонымен қатар құрылысқа мейілінше белсенділігін танытқан азаматтарға Алғыс хаттар мен марапаттар табыс етілді.

Асар — қазақы ортада ауқымды да күрделі жұмыстарды ауылдастардың, ру-қауымның бір жұдырықтай жұмылып, бірлесе атқаратын харекеті.

Айта кетейік, облыста «Асарлатып үй салу» жобасы бойынша барлығы 123 үйдің кілтін табыс ету жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 19 үй пайдалануға берілді. Қалған 104 үй жыл соңына дейін кезең-кезеңімен пайдалануға берілетін болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.