Жамбылдың шұжықтары Ресей мен Қырғызстанға экспортталуда

0 0

Жамбылдың шұжықтары Ресей мен Қырғызстанға экспортталуда.  Бұл туралы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры ұйымдастырған брифингте таныстырылды, деп жазады «ZhambylNews» ақпарат агенттігі.

Бүгінде кәсібін кеңейтіп, бизнесін жүргізем дегендерге «Даму» қорынан демеу көп. Аталған қор жамбылдық кәсіпкерлерге жалпы сомасы 7,2 млрд теңге несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау түрінде қаржылық қолдау көрсеткен.

Шағын және орта бизнеспен айналысушыларға несие бойынша пайыздық мөлшерлемені азайту қарастырылған. Нәтижесінде кәсіпорындар өнім өндірісі мен қызмет көрсету шоғырын ұлғайтуға мүмкіндік беретін ғимараттар мен жабдықтар сатып алып, айналымдық қаражаттарын толықтырған. Солардың бірі -«Сарыбас» Жеке кәсіпкерлігі.

«Сарыбас»  шұжық шығару цехы қазақстандық нарықта 2008 жылдан бастап жұмыс істейді. Бүгінгі таңда  мұнда шұжықтардың 39 түрі өндіріліп, «Сай-ко», «Сарыбас» және «Болат және Ко» сауда маркаларымен сатылымға шығарылады. Ал, шұжық өнімдерінің ассортименті әр түрлі: сервелат, күркетауық, ірімшік қосылған күркетауық, прима, бұзау, сиыр еті, краковская және басқалар. Цехтың өндірістік қуаты 9-10 тоннаны құрайды. Cонымен қатар, кәсіпорында тұқым, шемішке және жержаңғақ өңдейтін цех бар. Онда сағатына 150 келі өнім дайындалады.

Қазіргі таңда біздің шұжық өнімдері еліміздің аймақтарымен қатар, Ресей мен Қырғызстанға да жеткізілуде. Кәсіпорынның іске қосылғанына 12 жыл болды. 100 адам еңбек етеді. Орташа айлық көлемі 120-150 мыңды құрап отыр. Біз әлі өнімді көбейткіміз келеді. Сондықтан, «Даму» қорынан тағыда 100 млн. көлемінде қаражат алғалы отырмыз. Бұдан кейін тағы басқа мемлекеттерге де өнімімізді шығарамыз,- дейді цех басшысы Берік Саденалиев .

Аталған кәсіпорын өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында «Даму» қорына жүгініп, көмек сұраған. Нәтижесінде 2018 жылы «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы аясында компания жаңа жабдықтар сатып алуға мүмкіндік алды. Мемлекеттік қолдау көрсетіліп, екінші деңгейдегі банктен компанияға жылдық 14%-дан 276 млн теңге сомасында несие берілді, оның 8% — ын «Даму» Қоры субсидиялаған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.