Жамбыл облысында бес адам улы газбен уланған

0 2

Жамбыл облысы Меркі ауданының Плодовоягодное ауылындағы жеке үйде 1 қараша жексенбі күні бес адам улы газбен уланып, екеуі оқиға орнында қаза тапты. Аталған оқиғаның мән жайы мен өңірдегі тұрғын үй секторында өрттердің және улы газбен улану жағдайларының алдын алу жұмыстарының жүргізілуі, сақтық шараларын ұстану барысы туралы бүгін «Өңірлік коммуникация қызметінің алаңында» өткен брифингте облыстық ТЖД бастығының міндетін атқарушы , полковник Мақсат Қосыбаев баяндады, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.

Баяндамашы алдымен жексенбі күні Меркі ауданында орын алған жайға тоқталды. Алдын- ала мәліметтер бойынша, оқиға табиғи газдағы пештің түтіндігін орнату ережелерін сақтамаудан болған. Бүгін облыс әкімінің тапсырмасымен оқиғаның мән-жайын анықтау үшін құрамында Жамбыл облысы ТЖ департаментінің, Меркі ауданы әкімдігінің және газ коммуналдық кәсіпорнының өкілдері кіретін арнайы комиссия құрылды.

— Аталған тұрғын үйде үгіт-профилактикалық жұмыс жүргізілген. Биылғы жылдың 15 қыркүйегінде газ және электр аспаптарын пайдалану кезінде тұрмыста өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау туралы жадынама берілген болатын. Ағымдағы жылдың 17 тамызы мен 17 қыркүйегі аралығында өткізілген тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі айлығын өткізу жоспарына сәйкес департамент қызметкерлері «ҚазТрансГазАймақ» АҚ ЖПҚ өкілдерімен, волонтерлермен, ЖПҚ бірлесіп Меркі ауданының Плодовоягодное ауылында өрттің алдын алу және халықты өрт қауіпсіздігі шараларына оқыту бойынша үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді,-деді облыстық ТЖД бастығының міндетін атқарушы , полковник Мақсат Қосыбаев.

Ал, Меркідегі оқиғадан зардап шеккен 3 адам жедел түрде ауруханаға жеткізіліп, тиісті медициналық көмек көрсетілген.

-Жансақтау бөліміне жатқызылған адамдардың біреуі палатаға ауыстырылып, екіншісі облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Оқиға орнында арнайы комиссия өкілдері жұмыс істейтін болады,-деді Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков телефон арқылы.

Жалпы, Жамбыл облысында 1 қазанға дейін жауапты мекеме тарапынан тұрғын үйлерге профилактикалық жұмыс жүргізілген. Нәтижесінде 2167 үйде 2863 өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзушылықтары анықталған. 743 үйде кемшіліктер толығымен жойылған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.