Жамбыл ауданының ауылдық округтерінде жағдай мәз емес

0 4

Тараз қаласымен іргелес жатқан Жамбыл ауданының елді-мекендерінде тұратын тұрғындар қарапайым сақтық шараларын сақтамайды. Бірі бетперде тақпаса, енді бірі қауіпті кеселге қарамай отбасылық отырыс жасап мәз. Аталған жайттар аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов жетекшілік ететін шұғыл топтың жүргізген рейд шараларының барысында анықталған. Бұл туралы аудан әкімінің ресми парақшасында жазылды, — деп хабарлайды, “ZhambylNews” AA.

Екі ауылда болған рейдке жеке тоқталсақ, Ақбұлым ауылында тұрғындар бетпердемен жүр. Әрине, арасында бетпердесіз жүргендер де кездесіп жатты. Ауылдағы азық-түлік дүкендерінде тазалық сақталған. Бірақ кейбір дүкендерде сақтық шаралары толығымен сақталмаған. Қорғаныш заттары түгел орнында емес. Дүкенге кіріп жатқандардың арасында бетпердесіз жүргендер де жоқ емес. Келушілер бізден ұялды ма, әйтеуір, сатушыдан бетпердені сатып алып, көзімізше киіп жатқан жандар да болды. Топ мүшелері сатушыларға да, келушілерге де санитарлық талаптарды айтып, мән-жайды жете түсіндірді. Өз кезегінде ақбұлымдықтар өздеріне жасалған ескертуді орынды деп, бұндай жағдай енді қайталанбайтынын алға тартты.

Жалпақтөбе ауылына барғанымызда, аң-таң болдық. Ауылда жағдай мәз емес. Жергілікті тұрғындар құдды бір қауіпті індет, сақтық шаралары, карантин талаптары жайлы естімеген сияқты. Көше бойында кетіп бара жатқан тұрғындардың басым көпшілігі бетпердесіз жайбарақат жүр. Шұғыл топ мүшелері бас сұққан дүкендердің сатушылары бірі бетпердемен, бірі бетпердесіз сауда жасап жатыр. Кейбірінде қорғаныш заттары түгел емес. Келушілердің басым бөлігі бетпердесіз. Бірі шығып тағып келсе, бірі сол күйінде жүр. Оларға мән беріп жатқан ешкім жоқ. «Өздері тақпаса не істейміз?» дегенге саяды сатушылар.

 

Ал, ауылдағы «Достар» кафесінің жанынан өте бергенде жағамызды ұстадық. Онда отбасылық отырыс болып жатыр. Кафеде қорғаныш заттары орнында болғанымен, ішкі тәртіп сақталмаған. 20-дан аса адам іште бетпердесіз, әлеуметтік арақашықтықты сақтамай жүргені бірден көзге түсті. Кафе иелері «Отбасылық отырыс. Түсіністікпен қараңыздар. Бұған дейін де тексеріс келіп, айыппұл салып кеткен» дейді. Соған қарағанда өткен жолғы тексеріс сабақ болмаған секілді. Топ мүшелері анықталған кемшіліктер бойынша анықтама толтырып, ескерту жасады.

Шынтуайтында, бұл рейд қауіпті індеттің алдын алу, таралуына жол бермеу үшін халық арасында әлі де болса түсіндіру жұмыстарын жүргізу, ауылдық округ әкімшіліктері бұл бағытта нәтижелі жұмыс істеу керектігін аңғартты. Аудан әкімдігі тарапынан ұйымдастырылатын бұл рейдтердің мақсаты – біреуге барып айыппұл салу емес, індетті еңсеру, қоғамның кауіпсіздігін, ел азаматтарының денсаулығын сақтау үшін тиісті шаралардың сөзсіз орындалуын бақылау әрі қадағалау.

Аудан тұрғындарының бәріне тәртіп те, талап та бірдей, ешкім ешкімнен артық емес екенін, тәртіп бұзылып, талап орындалмаған жағдайда ешкімге басымдық берілмейтінін қаперге алғаны жөн. Індеттің таралуына жол бермейміз десек, сақтық шараларын сақтап, карантин талаптарын орындауымыз шарт.

Материал Жамбыл ауданы әкімдігінің фейсбук парақшасынан алынды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.