Қордай ауданындағы 10 ауыл газбен қамтылды

0 0

Тәуелсіздік күні қарсаңында Жамбыл облысы Қордай ауданының он ауылының тұрғындары «көгілдір» отынға қол жеткізді, деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен «ҚазТрансГаз» АҚ Ұлттық операторы Жамбыл облысының әкімдігімен бірлесіп Ауқатты, Бұлар батыр, Сортөбе, Масанчи, Қаракемер, Қарасу, Өтеген, Қызылсай, Күнбатыс-1 және Күнбатыс-2 ауылдарына газ құбырларын тарту жұмыстарын жүргізді.

Барлығы 392 км газ құбыры тартылған. Бұл 62 мыңнан астам тұрғын мен 274 әлеуметтік және кәсіпкерлік нысанының табиғи газбен қамтылуына мүмкіндік беріп отыр. Ол бойынша тиісті жұмыстар қысқа мерзімде – ағымдағы жылдың маусымында басталып қазан айында аяқталып үлгерген.

— 70 жылдан астам уақыттан бері Қордайға газ тарту мәселесі шешілмей келген еді. Осы тұрғыдан алғанда биылғы жылды – тарихи жыл деп атауға болады. Ел Президентінің қолдауының арқасында ауданның 100 мыңға жуық тұрғыны тұратын 22 ауылды газдандыруға 10 миллиардтан астам теңге бағытталды. Нәтижесінде, қордайлықтардың «көгілдір» отынмен қамтылу көрсеткіші 47-ден 95 пайызға дейін артпақ. Мұндай ауқымды жұмыс бұрын-соңды мұнда болмаған, — деп атап өтті аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев.

Аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов та жерлестерін қуанышты оқиғамен құттықтады.

— Өздеріңіз білетіндей, осы жылдың басында Мемлекет басшысы ауданымызға арнайы келген болатын. Сол кезде біз, Қордай ауданың тұрғындары, Президенттен бірқатар мәселелерді шешуге, оның ішінде газдандыруға қатысты көмектесуін сұрадық. Міне, біздің өтініштеріміз назардан тыс қалмады. Біз осы шараға атсалысқандардың барлығына ризашылығымызды білдіреміз. Біз үшін бұл нағыз мерекеге айналып отыр. Осыны себеп етіп дүнген бауырларымызбен тағы да жүздесіп, ортақ маңызды нәрселерді саралап, бір-бірімізді құттықтап жатырмыз. Біз үшін ең бастысы – бірлік! — деп атап өтті Ә.Сейілханов.

Ауылдықтарды қуанышты сәтімен құттықтай отырып, газ мамандары тұрғындарға қауіпсіздік ережелері жазылған жадынамалар таратты. «Газ – бұл игілік, дегенмен оны пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауды бірінші назарда ұстау керек»,- дейді газ қызметкерлері.

Бұдан соң облыс әкімі осы күні басқалармен қатар үйіне газ кірген жергілікті тұрғын Мұса Машанлоның шаңырағына бас сұқты.

— Бұл оқиғаның бізге қаншалықты қолайлылық туғызып отырғанын айтып жеткізе алмаймыз. Солардың ең бастысы –жылу мен тазалық. Бұған дейін әр қыс сайын жеті-сегіз тонна көмір сатып алып, оны екі-үш сағат сайын пешке салып отыруға мәжбүр едік. Ал кейде сапасыз көмірге тап болып қалсақ, қыс бойы қиналатынбыз. Бәрінен бұрын ас үйден шықпайтын жұбайым мен келінім қатты қуануда, — деді Мұса Машанло қуанышымен бөлісіп.

— Бүгінде газ келіп, тіршілігіміз айтарлықтай жеңілдей түсуде. Үйімізде жайлылық және жылулық орнады.  Баспанамыздағы осынау игілік үшін ел басшылығына және газшыларға үлкен алғысымызды айтамыз, — деді Сортөбе ауылының тұрғыны Мәдина Молдажанова.

Газ құбырын тарту құрылысы «Қордай» автоматты газ тарату станциясын (АГТС) қайта құрумен және оның өткізу қуаттылғын арттырумен қатар жүргізілді. Аталған станцияны қайта құру жұмыстары Қордай ауданының тағы 12 елді мекеніне газ тарту ісін жоспарлауға мүмкіндік береді.

Табиғи газ бүгінгі таңда ең таза органикалық отын болып табылады, сондықтан ауданның елді мекендерін газдандыру экологиялық жағдайды едәуір жақсартуға, зиянды қалдықтар көлемін айтарлықтай қысқартуға ықпал етпек. Сонымен қатар, жылыту, тамақ дайындау және басқа да тұрмыстық қажеттіліктер үшін табиғи газды пайдалану – тұтынушылардың шығындарын да едәуір азайтары анық.

Leave A Reply

Your email address will not be published.