Жамбыл ауданында қылмыс саны азайған

0 1

Жамбыл ауданында қылмыс саны 20,6% төмендеген. Мал ұрлығы азайып, кәмелетке жасы толмағандардың құқық бұзушылық деректері кеміген. Бұл туралы аудандық полиция бөлімінің бастығы Талғатбек Татенов айтты, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

Талап пен тәртіптің соңында қашанда оң нәтиже бары белгілі. Бөлім бастығының бізге берген мәліметтері аудан көлемінде ауқымды істердің атқарылғанын аңғартты. Құқық бұзушылық азайған, тіпті, кей санаттағы қылмыстар атымен жоқ. Көрсеткіштің оңалуына тәжірибелі полицейлер мен салаға енгізілген жаңалықтардың әсері мол.

Күнде өзгеріс еніп, желдің жылдамдығындай жаңарып жатқан қоғамда салалар да жаңа заманның игілігін, жаңалығын өзіне сіңіріп жатыр. Себебі, болашақтың беталысы бізді «сандық жүйе» деген жаңа талапқа үйретуде. Бүгінде айналамыз цифрландыру өркениетіне еніп кетті. Осы орайда уақыттың тиімділігі және жариялылық пен ашықтықты қамтамасыз ету үшін біз де осы бағытқа дендеп еніп жатырмыз. Айталық, қазір қызметкерлер планшетпен жұмыс істейді. Сондай-ақ онша ауыр емес, орташа қылмыстар электронды түрде тіркеледі. Бұл жұмысымызды біраз жеңілдетті десек болады, – дейді Талғатбек Болатбекұлы.

Өткен жылы ауданда 4636 әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама тіркелген. Өткен жылмен салыстырғанда қылмыс саны 263-тен 197-ге төмендеп отыр. Оның ішінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар 33,3 пайызға, көшеде жасалғандары 66,7 пайызға және мал ұрлығы 33,3 пайызға кеміген. Ал қарумен жасалған, отбасында болған қылмыс мүлдем тіркелмеген.

Жоғарыда аталған көрсеткіштер біріншіден алдын алу бағытындағы жұмыстардың нәтижесі.  Сондай-ақ, жедел-профилактикалық іс-шаралардың, күні-түні қойылған кезекшіліктің көрінісі.

Бұл тұрғыда Талғатбек Татенов «Жұмыстың жеңілі жоқ шығар, бірақ жауапкершілік бәрінен жоғары тұруы керек», – дейді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.