Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы республикалық ақындар айтысынан бастау алады

0 1

Биыл ХХ ғасырдың Гомері атанған Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойы кең көлемде тойланады. Жыл бойы түрлі форматтағы ұйымдастырылатын іс шаралардың легі 26 ақпан күні «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» республикалық ақындар айтысынан бастау алмақшы. Осылайша жыр алыбы Жамбыл мерейтойының шымылдығы туған жерінде ашылғалы отыр. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев инстаграмм парақшасында жазды, — деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі.

— Жамбыл ақынның есімімен аталатын өңірде, Жамбыл атамыздың тура туған күнінде өткізуді жоспарлап отырған жыр додасына орай бүгін аймақтағы айтыс ақындарымен кездесіп, ой-пікірлерін тыңдадым. Жиынға былтырғы облыстық айтыс іріктеуінде топ жарып, республикалық додаға жолдама алған 8 ақын мен елімізге белгілі Айтмұханбет Исақов, Алтынкүл Қасымбекова сынды жыр дүлдүлдері қатысты.

Басқосуда сөздің зергері атанып, қазақтың арда өнерінің абыройын асқақтатып, қоғамның мұңын айтып жүрген ақындар ұсыныстарын ортаға салды. Олар «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» республикалық айтысын жоғары деңгейде ұйымдастыру жолдарын әңгімеледі. Сондай-ақ, өңірдегі ақындардың мәселелерін жеткізіп, жай-күйін сөз етті.

Жамбыл ақынның Алатаудың арғы жағындағы бір туған бауырларымыз – қырғыздармен де көп айтысқа түскенін тарихтан білеміз. Атамыздың сол кездегі жырлары қырғыз халқының ауыз әдебиетінде, жазба мұраларында молынан сақталған екен. Айтыскер ақын Ахметжан Өзбеков осы рухани мұраны барынша жинақтап, кітап қылып шығару туралы ұсынысын жеткізді,-делінген жазбада.

Leave A Reply

Your email address will not be published.