Партияішілік іріктеу жаңа есімдерді танытты

0 6

«Nur Otan» партиясының саяси жылнамасындағы айтулы оқиғаның бірі саналған партияішілік праймериз Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауындағы жеңісті алғышарты саналады. Әрі праймериз еліміздегі жоғары заң шығарушы орган мен жергілікті уәкілетті органдарға халық арасындағы беделге ие адамдардың депутат болып сайлануына мүмкіндік берді. Бір сөзбен айтқанда партияішілік іріктеу жаңа есімдерді танытты. Бұл туралы «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының ХХVІІІ есеп беру-сайлау конференциясында жасаған баяндамасында «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дауыл Бейсенқұлов айтты, — деп жазады “ZhambylNews” AA.

– Өңірде партияішілік іріктеуге қатысуға 767 адам өтінім берсе, оның 85 пайызы өзін-өзі, ал, 111 үміткерді бастауыш партия ұйымдары ұсынды. Барлық 391 үміткер тіркеуден өтіп, кандидат мәртебесіне ие болды. Оның ішінде 33,5 пайызы әйелдер болса, 21,7 пайызын 35 жасқа дейінгі жастар құрады.  Ішкіпартиялық праймериз еліміздегі ең алғашқы онлайн дауыс беру жүйесін табысты іске асырды. Жамбылдық партия мүшелері мобильді қосымша арқылы өз таңдауын жасады. Мақсатты жұмыстарды табысты аяқтаған партия Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауында айқын жеңіске жетті, – деді Дауыл Ынтықбайұлы.

Эпидемиологиялық ахуалға байланысты онлайн режимде өткен конференция жұмысына 70 делегат сайланса, оның басым көпшілігі шараға ZOOM платформасы арқылы қатысты.

Конференция жұмысын партия облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ашып жүргізіп отырды. Жиынның күнтәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Дауыл Бейсенқұлов баяндама жасап, филиалдың Саяси кеңесінің 2019-2020 жылдары атқарылған жұмыстары туралы есебін берді. Өз баяндамасында Дауыл Ынтықбайұлы жергілікті жерде саяси құрылымның алдағы жоспарларына да тоқталып өтті.

– 2019-2020 жылдар аралығында партия облыстық филиалының 4 кезектен тыс конференциясы, 3 Саяси кеңес пен 15 Саяси кеңес Бюросы отырысы өтті, Партиялық құрылым мүшелерімен қабылданған қаулылар толығымен орындалды.  Соңғы екі жылда жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде, облыста партия қатары 5103 адаммен толықты. Бүгінгі күні өңірде 54340 партия мүшесі бар. Жамбылдық «нұротандықтардың» дені әлеуметтік және экономика, қызмет көрсету саласының өкілдері. Партия облыстық филиалының төрағасы Бердібек Машбекұлының тапсырмасына сай «Nur Otan»-ның қатарына шағын және орта бизнес, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салаларының өкілдерін тарту бағытында жұмыстар қолға алынды.
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауына да жамбылдық «нұротандықтар» бір кісідей атсалысты. Сайлау қорытындысымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының құрамы 68,8 пайызға жаңарды. Ендігі міндет – сайлаушылардың аманаттары мен ұсыныс-өтініштерін, халыққа берген уәдені орындау болып табылады. Праймериз барысында және сайлау науқанының үгіт кезеңінде тұрғындардан түрлі саланы қамтитын 1 мыңға жуық ұсыныс-өтініш пен аманат түсті. Олардың барлығы барлық партияның 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламаларында көрініс тапты. 5 жылдық бағдарламаларды жүзеге асыру республикалық, облыстық, аудандық (қалалық) Жол карталары қабылданды, – деді Дауыл Ынтықбайұлы. 

 

Мұнан соң партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары сайлауалды бағдарлама аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі бағыттары мен индикаторлық көрсеткіштеріне тоқталды.

Баяндамашыдан соң «Nur Otan» партиясы Жамбыл аудандық филиалының төрағасы, аудан әкімі Сәкен Арубаев, облыстық мәслихаттың депутаты, жеке кәсіпкер Айгүл Ақшалова, партия Жуалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова, «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалы «Жаңа Жамбыл фосфор зауытының» пеш бөлімінің ауысым басшысы Александр Пягай, «Nur Otan» партиясы Қордай аудандық филиалы «Jas Otan» жастар қанатының төрағасы, аудандық мәслихаттың депутаты Мадияр Қарабаев жарыссөзге шықты. Олар еліміздің жетекші партиясының жүргізіп отырған саясат қоғам өмірінің барлық саласына тың серпін бергенін айтып, партия облыстық филиалы Саяси кеңесінің есепті кезеңде атқарған жұмысын қанағаттанарлық деп бағалады.

Жиын күнтәртібіне «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы Бақылау-тексеру комиссиясының 2019-2020 жылдары атқарылған жұмыстарының есебі, «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының Саяси кеңесін сайлау, Бақылау-тексеру комиссиясын сайлау туралы мәселелер қойылды.

Конференция жұмысын партия облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қорытындылады.

— Партия жұмысы оның сайлаушыларға сайлауалдында берген уәделерінің үдесінен шығу қабілетімен өлшенеді. Бұл орайда өңірдегі партияның сайлауалды бағдарламасын іске асырудың Жол картасының әрбір тармағына жауаптылар айқындалып, қаржылық ресурстар пысықталды. Ендігі кезекте партия тарапынан бөлінген қаржының мақсатты әрі тиімді жұмсалуына қатаң бақылау жасалғаны жөн. Партия облыстық филиалдары жанындағы Саяси Бюро, фракция отырыстарында Жол картасының іске асырылу барысы туралы тиісті мекеме басшыларының, фракция жетекшілерінің есептерін тыңдау тәжірибесі енгізу қажет. Сонымен қатар партия филиалдары жанынан құрылған қоғамдық кеңестердің негізгі жұмыс бағыты да сайлауалды бағдарламаларын іске асыруды қоғамдық саяси бақылауға бағытталады,– деді Бердібек Машбекұлы.

Өз сөзінде партия облыстық филиалының төрағасы жауаптыларды жергілікті филиалдардың материалдық-техникалық базасын жетілдіру, партия мүшелерінің жауапкершілігін арттыру, «Jas Otan» Жастар Қанатының «Жас Ұлан», «Жас Қыран» сынды ұйымдармен байланысын нығайту мәселелеріне де назар аударуға шақырды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.