ZhambylNews - Первое информационное агентство области

» » Тараздан шыққан керуен Елордаға ат басын тіреді

Тараздан шыққан керуен Елордаға ат басын тіреді

Бүгін Астана қаласында «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында қала қонақтары мен елорда тұрғындарына тарихи Тараз қаласының мәдениетін таныстыру, астаналықтарды қазақ даласындағы Ұлы Жібек жолы бойындағы ең ежелгі шаһардың рухани өмірімен сусындату мақсатында Жамбыл облысы күндері басталды.

 

Атаулы шараның шымылдығы 2017 жылдың 20 мамырында Тараз қаласынан «ЭКСПО-2017» көрмесіне сый ретінде аттанған «Көне Тараздан – асқақ Астанаға тарту» этно-мәдени керуенін «Ханшатыр» ойын сауық орталығы маңындағы Ғашықтар саябағында орналасқан ашық аспан астындағы «Көне Тараз әлемі» тарихи-мәдени экспозициялық кешенінде күтіп алу рәсімімен ашылды. Шараға Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев бастаған арнайы делегация және зиялы қауым өкілдері қатысты.

Шара барысында қолөнер шеберлерінің өнерінен сыр шертетін «Шеберлер ауылы», ұлттық орталықтардын «Достық» ауылы, ақ жаулықты әжелердің ән тартуы, «Қарахан мен Айша бибі» көрінісі, «Наз» би ансамбілі, Тараз қаласы, Жуалы ауданы, Қазақстан халқы ассамблеясы және Жамбыл облысының жоғарғы оқу орындарының концерттік бағдарламалары мен салт-дәстүр көріністері ұйымдастырылды. 

 
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Таяу жылдардағы міндеттер» деген бөлімінде қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің маңыздылығы жамбылдықтардың тарихи-мәдени экспозициялық кешенінде көрініс тапты. Кіреберіс жерде орнатылған аркада үлкен латын әріптерімен «Kone Taraz alemi» деп жазылған. Әдемі арканың биіктігі сонша, оны саябақтың кез келген жерінен көруге болады.

Осы жерде облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Тараз – тарихтың алтын діңгегі» атты көшпелі көрмесі қойылып, күні бойы тарихы ғасырлар қойнауынан бастау алатын қаламыз туралы музей қызметкерлерінің таныстырылымы да қатар жүрді. Көрмеде облыстың және 2000 жылдан аса бай, мазмұнды тарихы бар қаланың сақ кезеңінен Қазақ хандығының қалыптасу кезеңіне дейінгі тарихы қамтылған.

Көрмеге 400-ден астам жәдігерлер қойылып қала халқының назарына ұсынылды. Бүгінгі мәдени-көпшілік шаралар кешкі сағат 20:00-де Жамбыл облысының Талас, Сарысу аудандарының концерттік бағдарламасымен, сағат 21:30 да «Əуені əсем Əулие ата» атты мерекелік концертімен жалғасады.

Пікір: 0
Пікір қосу