ZhambylNews - Первое информационное агентство области

» » Азат Перуашов жұмыс сапарымен Жамбыл өңірінде болды

Азат Перуашов жұмыс сапарымен Жамбыл өңірінде болды

Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев екі күндік арнайы жұмыс сапарымен Жамбыл облысына келді, - деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

Азат Тұрлыбекұлы жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, Тараз қаласы мен аудандарда орналасқан кәсіпкерлік, ауыл шаруашылық нысандарына ат басын бұрып, олардың жұмысымен танысты.

Алдымен Тараз қаласындағы «Тараз КожОбувь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне барып, зауыт басшылығымен, жұмысшылармен жүздесті. Серіктестік жылына 400 000 жұп аяқ киім шығарады. 50 адаммен ашылған серіктестікте бүгінде 350-ден аса жұмысшы еңбек етуде. Олардың орташа жалақысы 70 мың теңгені құрайды. Кәсіпорын басшылығы депутатқа мемлекеттік тапсырыс бұдан әрі көбейе түссе деген ниетін жеткізіп, ықпал етуін сұрады.

«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы бас сұққан қаладағы келесі нысан – «Фабрика ПОШ-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болды. 2008 жылы қайта құрылған кәсіпорында бүгінде алты цех жұмыс істеуде. Ол цехтар арқылы қабылданған қой жүні сұрыпталып, жуылып, түтіліп, түктеліп, жіп иіріледі.

 

Сондай-ақ, жұмыс сапары барысында мәжілісмен жаңадан бой көтерген «Арай» тұрғын үй алқабына барып, құрылыс жұмыстарымен танысып,  таңданысын жасырмады. Осы орайда құрылыс мердігері Марат Рахымбердиев халықты тегін үйлермен қамтамасыз ету мәселесін алға тартты. Оның сөзін депутат та қолдады: «Қазір жастардың көпшілігі пәтер жалдап тұрады. Оларға шағын өлшемді пәтерлер немесе жатақханалар салып беру қажет. Біз азаматтарымызды баспанасыз далада қалдырмауымыз керек. Бүгінде «Нұрлы жер» бағдарламасының іске қосылуы өте орынды болды. Соның арқасында мыңдаған адамдар үй алып отыр. Оған қосымша жаңа серпін мен бағыт-бағдар беру керекпіз», — деді депутат.

 

Сонымен қатар, Жамбыл, Байзақ, Жуалы аудандарын аралап, шұжық өндіретін «Достар», «Ақ ниет», 38 түрлі өнім шығаратын «Рола-7», «Молочный бидончик» маркасымен белгілі «В.И.Лесняк», Орта Азиядағы ірі күн электр стансаларының бірі – «Бурное Солар-1», 1500 бас ірі қараны бордақылауға арналған алаңы бар «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, сондай-ақ «Дулат» шаруа қожалықтарынң жұмыстарымен танысты.
         Сапар соңында Азат Перуашов жамбылдық кәсіпкерлердің тынымсыз еңбегін жоғары бағалап, өңір жұмысына оң бағасын берді.

Пікір: 0
Пікір қосу