ZhambylNews - Первое информационное агентство области

» » Астаналықтарды сақ жауынгерлерінің дулығасы таңқалдырды

Астаналықтарды сақ жауынгерлерінің дулығасы таңқалдырды

Елордалықтарға Жамбыл облысының күндері аясында мұражайларда өте сирек кездесетін экспонаттың бірі – сақ жауынгерлерінің дулығасының инсталяциясы таныстырылды. Қоладан жасалынған алып дулыға біздің заманымыздан бұрынғы 6-5 ғасырларға жатады. Бұл туралы Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

 

- Тарихтың біз біле бермейтін қызықты деректері көп екеніне бүгін көзім жетті. Әсіресе сақ жауынгерлері дулығасының өлшемі таңқалдырды. Бұрынғы заманда ата-бабаларымыз бізден әлдеқайда ірі блғанын естігем, бірақ мұндай бас киімді көруім бірінші рет. Керемет көрме екен! – деп, ағынан жарылды астаналық Жәнібек Маемгенов.

Сақтардан келешек ұрпаққа аманат еткен, сол дәуірде аңшылық пен соғысқа қолданған екі дөңгелекті арба да елордалықтарға паш етілді. Осындай арбалармен олар Ежелгі Грецияда өткен Олимпиада ойындарына қатысқан.

 

Астанаға жамбылдықтар Сарысу ауданында табылған Ынталы үңгірінің көшірмесін де әкелді. Көрмеге келушілер үңгірдің ішіне кіріп, неолит дәуірінде өмір сүрген адамдардың тұрмыс-тіршілігінен харбардар бола алады.

Жалпы Жамбыл өңірінің тарихынан сыр шертетін кешенді көрмеге Әулие ата өңірінен 400 жуық үлкенді-кішілі археологиялық, нумизматикалық, этнографиялық және басқа да құнды жәдігерлер әкелінді.

Бірінші күннің шаралары «Ұлы Жібек жолы. Көне Тараздан Астанаға тарту» атты этно-мәдени керуенінің келуінен бастау алды. «Хан Шатыр» кешенінің маңындағы Ғашықтар саябағына ат басын тіреген керуенді 500-ге жуық облыстың өнерпаздары қатысқан театрландырылған көрініспен күтіп алды.

 

Кешке дейін қала тұрғындарына арналған аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламалары да осында өтеді. Ал, сағат 21.30 ЭКСПО-қалашығындағы амфитеатрда Жамбыл өңірінің жарық жұлдыздарының қатысуымен «Әуені әсем Әулие ата» атты үлкен концерт өтеді.

Бұл әулиеаталықтардың астаналықтарға дайындаған бірінші күнінің тосын сыйларының тек кішкене бөлігі. Сондықтан, барлықтарыңызды ертең бізбен бірге тарихқа саяхат жасауға шақырамыз!

 

Дереккөз: «ZhambylNews» ақпарат агенттігі

 

Пікір: 0
Пікір қосу