ZhambylNews - Первое информационное агентство области

» » Астанадағы ғажайып киіз үй Ежелгі Тараздың өркениеті тарихынан сыр шертеді

Астанадағы ғажайып киіз үй Ежелгі Тараздың өркениеті тарихынан сыр шертеді

Астанада өтіп жатқан Жамбыл облысының Мәдени күндері аясында Тараз қаласының тарихи-мәдени экспозициясы таныстырылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

 

Ашық аспан астындағы тарихи-композициялық бірегей кешен «Көне Тараз әлемі» деп аталады. «Бүгін «Хан шатыр» сауда ойын-сауық орталығының жанындағы аренада Жамбыл облысының түгел дерлік тарихы көрсетіледі. Мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық қала тұрғындарын қасиетті Тараз қаласына қонаққа шақырғым келеді. Тараз - Қазақстандағы ең көне қала. Біздің шаһарда 3 мыңға жуық тарихи ескерткіш бар. Welcome to ancient Taraz!», - дейді Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев. Ұйымдастырушылардың бірі, «El production company» бас директоры Айгүл Бейсенбаеваның айтуынша, ұсынылған жәдігерлердің көптүрлілігі ежелгі Таразда мәдениеттің, өркениеттің қандай деңгейде болғанынан хабар береді.

«Бұл аумақта біршама экспонаттар, атап айтқанда ыдыстар, балбалдар қойылды. Экпозицияның ерекшелігі - ежелгі Тараздың тарихынан сыр шертетін инновациялық киіз үй. Киіз үйдің жоғарғы бөлігіне көз салсаңыз, жұлдыздары жарқыраған аспанды көресіз. Мұнда күні бүгінге дейін зерттеліп жатқан ежелгі Ақыртас қаласының фотосуреттері ілінген. Киіз үйдің басты ерекшелігі ретінде 3D форматында тарихи тұрғыда маңызды әрі ірі кесенелердің макетін көрсететін голографиялық экранды айтуға болады», - дейді Айгүл Бейсенбаева. Оның сөзіне сүйенсек, Ақыртасты тарихшылар әлі де зерттеу үстінде. «Мұнда Қарахан, Айша-бибі, Бабаджа Қатын кесенелерінің макетін көруге болады. Экран олардың қалыбын 360 градусқа бұрып тұрып көрсетумен бірге, тарихи кесенелерді әртүрлі жағынан тамашалауға мүмкіндік береді. Ақыртастың бұл кесенелері экранда ежелгі қалпы қандай болса, солай көрсетіледі. Дәл осы қаладан табылған кәріз жүйелері ежелгі замандарда қазақтардың мәдениетінің қаншалықты жоғары болғанын көрсетеді», - дейді ол. Кешеннің аумағында шағын да болса өте ыңғайлы үңгір тұр. Оның ішіне кіру мүмкін болмаса да, сыртынан заманның ең соңғы голографиялық экраны орналасқанын анық көруге болады.

 

«Осылайша, біз келген адамдар үшін тарихқа саяхат жасауға мүмкіндік туғызуға тырыстық. Мәселен, мына макет Қаратау жоталарында орналасқан шынайы үңгірдің макеті. Қаратаудың жоталарында, Талас пен Шудың шатқалдарында біздің тарихымыздың ізі сайрап жатыр», - дейді Айгүл Бейсенбаева. Кешенге келушілердің назарын сонымен бірге дулығаның ірі макеті қызықтыра түсті. Сарапшының айтуынша, бұл дулығаны біздің заманымызға дейін 500 жыл бұрын ел қорғаған батырлардың бірі киген. Тасқа қашалған түйелердің суреттері де тарихтан өзінше шежіре шертеді.

«Түйелер бейнеленген петрогливтер Қазақстанның барлық өңірлерінен кездеседі. Бірақ, қалайда Жамбыл облысындағы жартастарда ғана өзге өңірлердей бір өркешті емес, қос өркешті түйелердің бейнесі қалған», - дейді ол. Тарихи артефактілердің көрмесі де кешенде өзіндік үйлесімін тапқан. Келушілерге ыңғайлы болу үшін ежелден қалған ыдыстар аумақтың жан-жағына орналастырылған. «Ежелгі Тараздың тарихи мұрасы - біздің халықтың тарихи ескерткіштерінің маңызды бағаналарының бірі. Ежелгі мұралар жалпыұлттық символдардың іргесін қалауда үлкен рөлге ие болумен қатар, қазіргі заманның тарихи-мәдени үрдістеріне өзіндік үлесін қосады», - дейді Айгүл Бейсенбаева. Еске сала кетсек, Астанада Жамбыл облысының Мәдени күндері басталды. Шара аясында қала тұрғындары мен қонақтары аталған кешенге барып, Қазақстандағы ең көне қаланың тарихымен таныса алады.

 

Пікір: 0
Пікір қосу