ZhambylNews - Первое информационное агентство области

» » Азат елдің еркін таңдауы - Дәулетжан Байдалиев

Азат елдің еркін таңдауы - Дәулетжан Байдалиев

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында көрсетілген ең бірінші міндет, яғни латын әліпбиіне көшу жұмыстарын бастау. Сонау Тәуелсіздік таңынан бастап, біз бұл мәселеге ерекше дайындалдық. Енді міне, сындарлы шақ туғанда халқымыз үшін, оның ең асыл қазынасы тіліміз үшін аса өзекті жұмысты жұмыла атқарудың бастауында тұрмыз.

Ұсынылып отырған нұсқалар көп. Филолог ғалымдардан, зиялы қауым өкілдерінен құрылған жұмыс тобы жақында Елбасына тағы бір жобаны ұсынды. Алдыңғы парламенттік тыңдауға ұсынылған жобадан едәуір өзгеше, қазақ тілінің фонетикалық ерекшеліктері ескерілген, ықшамдалған. Мемлекет басшысы бұл жобаны құптап, оң көзқарасын білдірді.

Өзім ұстаз болғандықтан латын әліпбиіндегі таңбалармен әрқайсымыз жақсы таныспыз деп айта аламын. Балаларымыз бастауыш сыныптан-ақ латын әліпбиі негізіндегі шетел тілдерін оқиды, одан келе бірліктері осы әліпбидегі физиканы, периодтық жүйесі латыншамен берілген химияны, өсімдіктер мен хайуанаттар әлемінің атаулары тағы да осы әліпбимен таңбаланған биологиялық пәндермен танысады. Жастарымыз мектеп бітіргенге дейін латын таңбаларымен әлденеше рет кездесіп, оларға көздері әбден үйреніседі.

Күнделікті тұтынып жүрген тұрмыстық бұйымдардың бәрі дерлік шетелдік өнімдер. Олардағы жазулар да латын таңбаларымен жазылған. Соларды шатыспай-ақ таңбасын танып, қажетті тетігін басып қолданып жүрміз. Оған түрлі сусындарды, киімдерді, заттар атауларын қосыңыз. Бұған да елдің көзі үйренген.

Ғаламторға кіретін әр адам алдымен латын әріптерін тереді. Ол аз десеңіз, көшедегі латын әріптерімен берілген жарнамалардан көз тұнады. Яғни, қазіргі қоғамда өмір сүріп жатқан кімге де болса, латын әріптері етене таныс. Міне, сондықтан да енгізілгелі отырған латын әліпбиін әлі-ақ әркім еркін меңгеріп кетеріне сенімім мол.

 

Дәулетжан Байдалиев,

ардагер ұстаз.

Жуалы ауданы.

Пікір: 0
Пікір қосу