ZhambylNews - Первое информационное агентство области

» » Латын әліпбиіне көшу білімнің дамуына серпін бермек - профессор Базарбаева

Латын әліпбиіне көшу білімнің дамуына серпін бермек - профессор Базарбаева

 Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуін білім мен ғылымның дамуына тың серпін беретін дүние деп қабылдау керек.  Осындай ойын Алматыда өткен дөңгелек үстел барысында профессор, филология ғылымдарының докторы Зейнеп Базарбаева жеткізді. Басқосуда Қазақстанның шығармашылық қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы мәселені талқыға салды.  «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру процесін  білім мен ғылымның дамуының бір бөлшегі ретінде қарастыруға болады. Осыдан 7-8 жыл бұрын оқытудың Болон процесіне көштік. Бұл 3 сатылы білім беру жүйесін білдіреді.

Магистратурадан докторантураға түсу үшін TOEFL мен IELTS сертфикаттары талап етіледі. Докторантураға түсу үшін ағылшын тілінде мақала оқу талап етіледі. Латын графикасында жаңа әлемдік мақалалармен танысу оңай болмақ. Мұны сол процестің жалғасы деп тануға болады», - деді Зейнеп Базарбаева. Оның айтуынша, жаңа әліпбиге көшу қазақ тілін меңгеруді жеңілдетпек. «Бұл қазақ тілін әлемдік ақпараттық коммуникациялық кеңістікке енгізуге жасалған жағдай болып қалмақ. Шынында соңғы жылдары қазақ тілінің мәртебесі көтеріліп келеді. Қазақ тілінің ықпалы отанымызда ғана емес, шетелде де өсті. Шетелдегі қазақтар латын жазуына негізделген ақпараттық жүйені қолданады. Жастардың көбі латын әліпбиін қолданады. Олар  шет тілін білуге ынталы», - деді профессор Базарбаева. Ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Қазыбек Иса жаңа әліпбидегі басты талап қазақ тілінің төл дыбыстарын сақтап қалу екендігін атап өтті. «Мемлекет басшысының алғашқы әліпбиге қол қоя салмай, қоғам талқысына жібергені өте қуантарлық жайт. Соның арқасында көңілге қонымды нұсқа келді. Оның үстіне жаңа айтылғандай бұл дәйекше (апостроф) арқылы жазуды ең алғаш Алаш зиялысы Ахмет Байтұрсынов бабамыз енгізген. Бұл бүгінгі заманда да өзекті болып тұр. Ең бастысы, өзіміздің төл дыбыстарымызды жоғалтып алмау», - деді Қазыбек Иса.

Дереккөз: inform.kz

Пікір: 0
Пікір қосу