ZhambylNews - Первое информационное агентство области

» » Жеңіс Қасымбек әрбір алтыншы қырғыз көлігі заң бұзатынын айтты

Жеңіс Қасымбек әрбір алтыншы қырғыз көлігі заң бұзатынын айтты

 

Жыл басынан бері елімізде 58 мыңнан астам көлік тексерілді. Нәтижесінде 2,5 мыңнан астам түрлі заң бұзушылық анықталды. Әрбір 6-7-ші қырғызстандық автокөлік құралы заң бұзады. Бұл туралы ОКҚ-де «Кеден заңнамасындағы заң бұзушылық» деген тақырыпта өткен брифингте ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Қазіргі таңда Қазақстан территориясында шетелдік тасымалдаушыларға қатысты бақылау күшейтілді. Нәтижесінде өткен жеті күнде 2721 көлік құралы тексеріліп, 193 заң бұзу дерегі тіркелді. Атап өтерлік бір жайт, бұл заң бұзушылықтардың 60 пайыздан астамы Қырғызстаннан шыққан көлік құралдарына тиесілі. Жалпы жыл басынан бері 58 мыңнан астам көлік құралдары тексерілді. Нәтижесінде 2,5 мыңнан астам түрлі заң бұзушылық анықталды. Оның 1 мыңын қырғызстандық көлік құралдары жасаған. Біз қазіргі таңда көлік қозғалысын тәулік бойы бақылап отырмыз», - деді Жеңіс Қасымбек.

Министр қырғызстандық әрбір 6-7-ші көліктің еліміздің шекарасында заң бұзушылық жасайтынын айтты. Өткен аптада 835 қырғызстандық автокөлік тексеріліпті.

«Нәтижесінде 117 заң бұзушылық анықталды. Яғни жалпы әрбір 6-7-ші қырғызстандық автокөлік құралы Қазақстан территориясына заң бұзып келеді», - деді Инвестициялар және даму министрі.

Оның айтуынша, жүргізушілердің көбінде тиісті құжаттар болмайды екен.

«Тасымалдаушыларда тауар мен көлікке рұқсат беретін жүк құжаты болмайды. Бұл өте жиі кездеседі. 56 рет осы дерек бойынша заң бұзылған. Тауар мен көлікке рұқсат беретін жүк құжатының болмауы жүк тасымалында күдік тудырады. Аталған деректер бойынша тіркелген материалдар Мемлекеттік кірістер органдарына және экономикалық тергеу қызметтеріне беріледі. Олар тіркелген заң бұзушылықтар бойынша одан әрі жұмыс жүргізеді», - деді ол.

ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қырғызстан мен Қазақстан шекарасында да жиі заң бұзылатынын айтты.

«Сонымен қатар каботаж (шекара аумағында тауар мен азаматтарды тасымалдау – автор) деректері көптеп тіркелуде. Ондай деректер Алматы-Қордай, Қордай-Сарыбұлак, Қордай-Масанчи маршруттарында жиі кездеседі. Бұл нарықта біздің қазақстандық тасымалдаушылар жұмыс істеуі қажет. Осылайша, нарықта бәсекелестіктің тиісті деңгейде дамуына жол берілмеуде», - деді министр.

Ведомство басшысының айтуынша, қазіргі таңда еліміздегі шекараларда артық жүк артқан көлік құралдары тоқтатылуда. Жеңіс Қасымбектің сөзіне қарағанда, тасымалдаушылар тиісті айыппұлды төлеп жатыр. Ал төлей алмағандарының көлігі айып тұрағына қойылып жатыр екен.

Пікір: 0
Пікір қосу