ZhambylNews - Первое информационное агентство области

» » Жаңа жылда зейнетақы заңнамасына өзгеріс енгізіледі

Жаңа жылда зейнетақы заңнамасына өзгеріс енгізіледі

 Зейнетақы жүйесі – әлеуметтік тақырып. Ол халықтың барлық әлеуметтік топтарын қамтиды. Сондықтан, зейнетақы заңнамасындағы өзгерістердің мән-мағынасын Қазақстан Республикасының әрбір азаматына жеткізу өте маңызды. Әсіресе, жаңа жылдан бастан енетін өзгерістер туралы халықты құлағдар ету уақыт күттірмейтін мәселе. Осыған орай, Жамбыл облыстық Біріңғай жинақтау зейнетақы қорының бөлім басшысы Дархан Алпысов бұқаралық ақпарат құралдарымен баспасөз конференциясын өткізді.

БЖЗҚ бөлім басшысының берген ақпаратына сүйенсек, 2018 жылдан бастап әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын ұлғайту және базалық зейнетақыны есептеуге қатысты өзгерістер күшіне енеді. Бұл ретте, базалық зейнетақыны тағайындауда 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі, сондай-ақ зейнетақы жарналарын төлеумен расталатын, 1998 жылдан кейінгі еңбек өтілі ескерілетін болады. Бұдан басқа, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан берілетін зейнетақы төлемдерін есептеу тәртібі мен оларды алу кестесі де өзгеріске ұшырайды.

– 2014 жылы Елбасының Жарлығымен бекітілген, Қазақстан Республикасының зейнетақы жүйесін одан әрі жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес зейнеткерлік жасқа толуға және I, II топтардағы мүгедектік мерзімсіз болып белгіленуіне байланысты БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алу барысында зейнетақы жинақтарының бүкіл сомасын біржола алуды жою жоспарланған болатын. Бұл ретте жеке зейнетақы шотындағы зейнетақы жинақтарының сомасы ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен аспаған жағдайда, бұл сома алушыға БЖЗҚ-дан бір рет толығымен төленеді. Ал егер алушы зейнетақы төлемдерін алу үшін зейнетақы Қорына жүгінген күні оның зейнетақы жинақтарының сомасы ең төмен зейнетақының 12 еселенген мөлшерінен асатын болса, БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдері тек ай сайын ғана жүзеге асырылатын болады, – дейді Д. Алпысов.

Айта кету керек, Тұжырымдаманың бұл нормалары зейнетақымен қамсыздандыру туралы Заңның1 ережелеріне сонау 2015 жылы бекітілген болатын. Ал 2017 жылдың қыркүйегінде 2018 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енетін Ережелерге тиісті өзгерістер енгізілді.

Бүгінде базалық зейнетақы барлық зейнеткерге 14 466 теңге көлемінде төленеді. Бұл еліміздегі ең төмен күнкөріс деңгейінен сәл жоғары. Сонымен, зейнеткердің 1998 жылдың 1 қаңтарына дейінгі еңбек өтілі және жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл және одан төмен болған жағдайда,

базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 пайызын құрайды. 10 жылдан асқан әрбір жыл үшін оның көлемі 2 пайызға ұлғайтылып отырады. Ал 33 жыл және одан жоғары болғанда базалық зейнетақының мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең болады және одан асырылмайды.

– Зейнетақы жүйесін жаңғыртуда басты міндет – оны нығайту және зейнетақы төлемдерінің тиімділігін арттыру. Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру заңнамасы зейнетақыны әр түрлі төлем көздерінен берілетін төлемдер жиынтығы ретінде қарайды. Бұл төлем көздері: мемлекеттік бюджеттен төленетін зейнетақылар және салымшының өзінің зейнетақы жинақтары. Бұл жерде басты мақсат – зейнет жасындағы азаматтарды тұрақты негізде ай сайын лайықты зейнетақымен қамтамасыз ету, – дейді Дархан Алпысов.

Пікір: 0
Пікір қосу