ZhambylNews - Первое информационное агентство области

» » Жамбыл облысында жаңа жылдық мәдени іс шаралар өтетін 793 объекті есепке алынды

Жамбыл облысында жаңа жылдық мәдени іс шаралар өтетін 793 объекті есепке алынды

 Жамбыл облысында жаңа жылдық мәдени іс шаралар өтетін 793 объекті есепке алынды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасы бастығыазаматтық қорғау полковнигі Әкімбаев Мақсат Әшірбайұлы айтты.

Мақсат Әшірбайұлының сөзіне сүйенсек, пиротехникалық бұйымдарды бақылаусыз тарату және оларды қолдану кезінде тиісті өрт қауіпсіздігі шараларын сақтамаудың салдары көптеген өрттердің шығуына, жарақат алу мен адамдардың қаза болуына, оның ішінде балалардың және жасөспірімдердің зардап шегуіне әкеп соғады. Пиротехникалық бұйымдар аса қауіптің ошағы болуына байланысты басты назар аударуды талап етеді.

Осыған орай, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жаңа жылдық мәдени іс шаралар өтетін объектілердің тізімі қалыптастырылды. Барлығы 793 объекті есепке алынды, (оның ішінде 657 білім беру ұйымдары, 32 денсаулық сақтау объектілері, 27 мәдениет үйлері мен сарайлары, 5 спорт кешені, 56 сауықтыру орталығы, 2 қарттар үйі, 3 мүмкіндігі шектелген тұлғаларға арналған интернаттары, 1 сәбилер үйі және корпоративті кештер өтетін басқа да адамдар жаппай жиналатын 7 тойханалар есепке алынып тізімге енгізілді). Осыған орай, аталған объектілерді қатаң бақылауға алу және күнделікті олардың өрт қауіпсіздігі жағдайына мониторинг жасау және объектілерді өртке қауіпсіз жағдайға келтіру жөнінде Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы мен аудандық Төтенше жағдайлар бөлімдеріне тиісті тапсырмалар берілді.

Жамбыл облысы Ішкі істер департаменті мен Төтенше жағдайлар департаментінің жаңа жыл және мереке күндері азаматтық пиротехникалық заттар мен бұйымдарды қолдану мен айналымы ережесін заңды және жеке тұлғалардың сақтауы жөніндегі бірлескен іс-шаралар жоспарының жобасы әзірленді. Аталған жоспарға сәйкес полиция қызметкерлерімен бірлесіп күнделікті базарларда, дүкендерде және басқа да сауда орындарында сертификатталмаған пиротехникалық өнімдерді сатуға тыйым салу іс-шаралары бойынша рейдтер жүргізілетін болады.

Мерекелеу кезінде тәуліктік кезекшілік жүргізетін жедел топтар қалыптастырылды, ал мереке өтетін орындарда инженерлі-инспекторлық құрамның және өрт есебінің кезекшілігі жүргізілуде. Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің барлық жеке құрамы күшейтілген қызмет атқаруға ауыстырылатын болады,- деп хабарлады спикер.

Пікір: 0
Пікір қосу