Азат Перуашев: Президент қаржы секторын оңалтуда нақты тапсырма берді 

0 0

 ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды қабылдауды жеделдету қажет деп есептейді. Бұл туралы ол Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының Елбасы Жолдауына арналған кезекті отырысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаржылық жүйені тұрақтандыру бойынша Мемлекет басшысының тапсырмасы аса маңызды. 2014 жылдан бері «Ақжол» партиясы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды әзірлеу және қабылдау туралы Үкіметке бірнеше рет ұсыныс тастаған еді», — дейді Азат Перуашев. Депутат сәтсіздікке ұрынған несиелеушілерді банкрот деп мойындап, олардан бар салмақты алып тастамайынша, банктерді оңалтудың мүмкін еместігін баса айтты. «Әңгіме бір кездері несие алып, төлей алмай, көшеде қалған азаматтар жөнінде болып отыр. Ал Ұлттық банк үнемі керек, керек емес, 3 жылдан кейін, 5 жылдан кейін деп жауап беретін. Бұл жолы Президент нақты тапсырма беріп, нүктесін қойып отыр. Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды қабылдау процесін жеделдету қажет», — деді Азат Перуашев. Сондай-ақ, мәжілісмен Жолдауда банк секторынан бөлек, қор нарығының дамуы үшін британдық заң негізінде жұмыс істейтін Астана халықаралық қаржы орталығының дамуы жөнінде де айтылғанын ерекше атап өтті. Айта кетейік, Бейбітшілік және келісім сарайында өткен Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясының кезекті отырысы Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауына арналды. Жиында елдегі жетекші партиялардың басшылары, Парламент депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясы және бірқатар қоғамдық ұйымдардың өкілдері жылдың басты құжатын талқылады. Демократиялық күштердің «Қазақстан-2050» жалпыұлттық коалициясы «Нұр Отан» партиясының бастамасымен құрылды. Ол 5 саяси партияның, 17 ірі қоғамдық бірлестіктің және 500-ден астам үкіметтік емес ұйымдардың басын біріктіреді.

Дереккөз:  inform.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.