Ауыл әкімдері жүктелген міндетті орындай алмай отыр

0 3

Бұл — ауылдарда 4-деңгейлі бюджетті енгізу бойынша облыс әкімінің Байзақ ауданына жұмыс сапары барысында айтылған мәселе. Аймақ басшысы Асқар Мырзахметов облыс орталығына ең жақын орналасқан ауданның бірқатар өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандарын аралап көрді. Облыс басшысы алдымен «Бақытжан-16» деп аталатын ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне барды. Жеңілдетілген несие алып, жұмысын бастаған шаруашылық 800 бас сиыр сауып, күніне 1,5 тоннаға дейін сүт өткізіп отыр. Кооперативке 42 адам біріккен. Мұндағы мәселе – жайылымдық, суармалы жердің жетіспеуі, несие мен қаржы ұйымдарына кепіл қою жайы. Асқар Мырзахметов шаруашылықтың жағдайын жақсарту үшін тек сүтпен айналысып қана қоймай, мал бордақылауды қолға алу керектігін, айтылған мәселелер өз шешімін табатындығын айтты. Өңір басшысы ат басын бұрған келесі нысан Байзақ ауданындағы ірі кәсіпорындарының бірі — «Жамбыл құс» ЖШС-і. Құс фабрикасы өткен жылы 21 млн дана жұмыртқа алған. Кәсіпорын басшысы үкіметтің қолдауымен заманауи қондырғылар алғысы келетінін жеткізді. Ал, Асқар Мырзахметов бұл тұста жан-жақты ойласатын жәйттер бар екендігін айтты. Сондай-ақ, өңір басшысы Құмжота ауылы маңындағы бұрынғы түзеу мекемесінің қазіргі жағдайын көріп, алдағы уақытта бұл ғимараттарды тиімді пайдалану қажеттігін ескертті. Бұдан кейін Байзақ аудандық орталық емханасына барған облыс әкіміне сала басшысы жаңа емхана салу туралы ұсыныс бергенін айтты. Өйткені, қазіргі емхана тұрғындар үшін тарлық етуде.

Ауданның әлеуметтік саласындағы мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Аймақта кәсіпкерлік саласы кенжелеп тұр. 97 кәсіпорыннның 35-і мүлдем тоқтап қалған. Мәселені шешу үшін жаңадан кәсіпорындар ашуға талпынбай, жұмысы тұралаған өндіріс орындарын қайта іске қосып, қуаттылығын межелі деңгейге жеткізу тапсырылды. Жұмыс сапарын актив жиынымен қорытындылаған облыс әкімі ауданның бюджетін көтеріп, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін артыру мақсатында өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығын дамытуға күш салу керектігін баса айтты.Алдағы уақытта осы екі бағытта арнайы жұмыс тобы құрылып, даму картасы жасалатын болды.

Дереккөз: Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі мен «Jambyl» телеарнасының сайты

Leave A Reply

Your email address will not be published.