Таразда жұмыспен қамту орталығының жұмысы жүйесіз

0 0

Соның салдарынан мемлекеттік бағдарлама аясында бөлінген қыруар ақша желге ұшуда. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар күрт көбейіп, қазынаға құйылуға тиісті салық түсімі ортайып, көлеңкелі экономиканың дамуына сеп болуда. Күрмеуі көп мәселелердің мән-жайы Тараз қаласы әкімдігінде өткен қоғамдық кеңестің отырысында қаралды. Кешенді жоспарға сай 2017 жылы 4856 адамды жұмыспен қамту жоспарланған. Екі қолға бір күрек тапқандар саны 9278-ге жетіп, меже 191 пайызға орындалды. 5711 азамат өз бетінше жұмыспен қамтылса, табысын жасырып, салық төлеуге құлықсыз. Бағдарламаның бірінші бағытына сәйкес облыс бюджетінен 230 млн теңге бөлініп, 1745 адам 3 айлық кәсіптік курстан өткізілсе, оның тек 246-ы ғана тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Қалған 1416 тек шәкіртақы үшін ғана оқығандығы анықталған.

Жастар практикасының да жағдайы мәз емес. Бітіруші түлектер саны көптігі ескерілмей, жылына тек 260 қана жас маман уақытша жұмыспен қамтылады. Биыл тағы да қысқарып отыр. Бағдарламаның келесі бағытына сай, 18 млн-ға дейін шағын несие беру көзделгенмен, талаптың жоғарылығынан тұрғындар үшін қолжетімсіз дүниеге айналып отыр. Осыған орай, жиылғандар әуелі орталық қызметін ретке келтіріп, жылдық жоспарды тиімді құру керектігін айтты. Қазына қаржысын үнемдеп, мүмкіндігінше қажетті деп танылған бағыттарға бұру маңызды. Кеңес отырысында бұдан бөлек, қаржы бөлімінің өткен жылы атқарған жұмыстары тыңдалды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.